loader


Түркістан облысында үш мыңдай тұрғын таза ауыз су мен жарық тапшылығынан құтылды

Жыл басында Түркістан облысы Кентау қаласына қарасты Шаштөбе елді мекенінің тұрғындары жарыққа жарымай, ауыз судан тарығып отырғаны туралы сюжет бергенбіз. Нәтижесінде ауылға жарық та, су да келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді тұрғындар арнамызға хабарласып, алғыстарын білдіріп жатыр. Бұл –Шаштөбе елді мекені тұрғыны Зухраб Мирзаевтың ауыл жұрты атынан біздің арнамызға жолдаған алғысы. Бұрын ауыл орталығында орналасқан ескі трансформатордың барлық көшені тұтастай жарықпен  қамтуға шамасы жетпейтін. Салдарынан жүзден аса тұрғыны бар Күнгей көшесінің тұрғындары кеш батса болды қараңғылық құшағында қалатын.

Бахром Хасанов, Шаштөбе ауылының тұрғыны:

– Жарық 220 Вольт болуы керек. Біз ақша төлегенде сол 220 Вольт-қа жағып жатқанымызға төлейміз. Бірде тоңазытқыш күйіп жатыр, аристон істете алмаймыз. Түнде свет шам сияқты болады.

Фируза Таштемірова, Шаштөбе ауылының тұрғыны:

– Кешқұрым балалар сабақ оқи алмайды. Интернетке де қосыла алмайды. Свет жетпейді. 3-4 рет жарықпен қамтитын мекемеге бардық. Болады дейді болды. Сол боладымен қалды.

Алайда бұл жолы айтылған сөз сөз күйінде қалмады. Мәселе шешілді. Кентау қаласының әкімшілігі халықтың жанайқайына құлақ асып, электр энергиясынан таршылық көріп отырған тұрғындарға су жаңа трансформатор орнатып берді. Халықтың қуанышында шек жоқ.

Әбдірахман Манапов, ауыл тұрғыны:

Трансформатор орнатып, жарық берді. Осы телеарна арқылы бітті жұмыстың бәрі. Соларға көптен көп рахмет.

Шаштөбе елді мекенінде үш жүздей түтін, үш мыңдай халық тұрады. Бұл ауылда жарықтан бөлек ауыз су да проблема болатын. Себебі ауыл беткейде орналасқан. Мұнда орталықтандырылған ауыз су құбыры 2017 жылы тартылғанымен, Ащысайдан келетін су бірден етекке ығысады. Ал оны реттеп, қырдағы үйлерге қысыммен шығару жолдары дұрыс қарастырылмаған. Соның салдарынан биік жердегі үйлер жылдар бойы таза ауыз судан тарығып, арық суымен күнелтуге мәжбүр болды.

Сол кезде ауыз суға жауапты «Ащысай су» мекемесінің басшылығы елді мекенге су құбырын тарту кезінде кемшіліктердің кеткенін мойындап, олқылықты жоюға уәде берген еді.

Бағлан Мамадалиев, «Ащысай су» мекемесінің директоры:

– Шаштөбедегі 200 үйдің тұрғыны жаңа салынған водасточный станция бар, сол жердегі қосу механизмін мердігерлер басында дұрыс қоспаған. Мойындау керек. Енді біз қазір шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. 2022 жылдың екінші жарты жылдығында таза сумен толық қамтылады деп нық сеніммен айта аламын.

Жауаптылар ақыры уәдесін орындады. Кемшіліктер жойылып, ауылға таза ауыз су берілді. 

Зухраб Мирзаев, Шаштөбе ауылының тұрғыны:

– Былтыр біз судың болмауына байланысты «Хабар 24» арнасына шағымданған болатынбыз. Билік басындағылар біздің шағымымызды тыңдап, міне, биыл су шығып, жақсы болып тұр. «Хабар 24» арнасына Қарнақ ауылы тұрғындары атынан алғысымызды айтамыз. Судың сапасы өте жақсы.

Билік халық үніне құлақ түріп, кері байланыс орнатса... Одан әлеуметтің мәселесі шешіліп жатса... Оған біздің кішкентай да болса септігіміз тиген болса... Халық қуанып, алғысын айтып жатса... Тіршілігін тілшілікпен байланыстырған бізге бұдан артық не керек?

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

 

 

Сондай-ақ...