loader


Жасыл энергия. Қазақстан көмірден бас тарта алмайды – сарапшы

Жасыл энергияны дамыту. Бұл салада Қазақстан өз алдына үлкен міндеттер қойды. 2050 жылға қарай баламалы қуат көздерінің үлесі 50 процентке жетуі тиіс. Дегенмен мамандар бұл саланы дамытуға асығар емес. Себебі Қазақстанда көмірдің 300 жылға жететін қоры бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Баламалы қуат көздерін пайдалануда Қазақстан алдына үлкен мақсат қойып отыр. 2030 жылға қарай еліміздің энергия балансында жасыл энергияның үлесі 15 процентке жетуі тиіс. Қазір бұл көрсеткіш 4 процент. Ал 2060-қа қарай Қазақстан көміртегі бейтараптығына қол жеткізуі керек. Жасыл энергияны жиһанға насихаттаған ЭКСПО көрмесін елімізде өткіздік. Үздік шетелдік тәжірибелерді қолданысқа алдық. Дегенмен Қазақстан көмірден бас тарта алмай отыр. Себебі біздегі базалық генерация осы қатты отынға тәуелді екен.

Нұрлан Қапенов, «Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығы директорлар кеңесінің төрағасы:

– Елімізде таза ауаны ең көп ластаушы көмір электр станциялары болып отыр. Бұл Қазақстандағы генерацияның 70 проценті. Қазір жұмыс істеп тұрған жылу электр орталықтарына орташа есеппен 30-40 жыл болған. Яғни олардың ресурсы толық алынып бітті. Енді барлығын алмастыру жайын ойластыру керек. Қазір энергетика министрлігі 2035 жылға дейінгі энергия балансын бекітті. Ведосмтвоның жоспарынша, алдағы 10-12 жыл ішінде көмірмен жұмыс істеп тұрған станциялардың 30 проценті энергия балансынан шығарылуы тиіс. Олардың орнына жасыл энергия көздері келеді. Яғни 2035 жылға дейін энергобаланста оның үлесі 6,5 гигаватт болуы керек. Ал газ болса, 30 процентке жетуі тиіс.

Көгілдір отынның үлесін арттыру да түйткілді мәселе болмақ. Жалпы қазір Қазақстанда баламалы қуат көздерінің 141 нысаны жұмыс істеп тұр. Оның 43-і жел, 53-і күн, 40 су және 5-уі биоэлектр станциясы. Алдағы уақытта олардың қатары артады деп жоспарланған.

Дәулет Закарьянов, ҚР Энергетика министрлігінің басқарма басшысы

2025 жылға дейін біз тағы 49 нысанды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Олардың қуаттылығы 860 мегаватт болады. Бұның арқасында біз қосымша жұмыс орындарын ашамыз, жасыл технологияның үлесін арттырамыз және осы нысандар салынатын аймақтарға инвестиция тартамыз.

Демек, Қазақстан баламалы қуат көздеріне үлкен басымдық беріп отыр. Ал сарапшы Олжас Байділдиновтың айтуынша, жасыл энергияны негізгі қуат көзі ретінде қарастыруға болмайды. Өйткені Қазақстанда көмірдің 300 жылға жететін қоры барын ескеретін болсақ, осы сала мен атом энергиясына басымдық беру маңызды.

Олжас Байділдинов, сарапшы:

Баламалы қуат көздері бізді құтқара алмайды. Ол тіпті әлемде базалық энергия ретінде де қаралмайды. Оған шағын газ турбинасы, жылу электр орталықтары іске қосылып, туындап отырған дефицитті жауып тұрады. Өйткені түнде күн болмайды, жел әрдайым соғып тұра бермейді ғой. Сондықтан баламалы қуат көздерін дамыған елдердің қымбат ойыншығы деп түсіну қажет. Егер біз 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жетеміз деген міндет алсақ, оны көмірмен де орындауға болады. Зиянды қалдықтарды тазарта алатын технолгиялар бүгінде Европа елдерінде, Қытайда бар. Тіпті бұндай жылу электр орталықтары қаланың ортасында да орналасқан. Ешқандай проблема тудырып отырған жоқ. Сондықтан баламалы қуат көздерін көмірге қосымша ретінде қарастыру керек.

Экономикасы қаншалықты қуатты болса, экологиясы соншалықты ластанған көршіміз Қытай бірнеше жылдан бері баламалы қуат көздеріне біртіндеп өте бастады. Үлкен қалалаларда жылу электр стансаларын көмірден, газға немесе тоққа көшірудің кешенді жоспарын қабылдады. Өйткені көмір кедей елдерге тән отын ретінде қарастырылады. Сондықтан көптеген дамушы мемлекеттер де баламалы қуат көздерін қарастырып жатыр.

Авторлары: Риат Шони, Диас Қобланбаев

 

 

Сондай-ақ...