Цифрлық құжаттың шарапаты мен машақаты

Қазір ел цифрлық қызметтің игілігін көре бастады. Қойны-қоншыңызды құжатқа толтырып, болмаса сөмкелеп құжат тасымайсыз. Мобильді қосымшадағы цифрлық көшірмесі болса жетіп жатыр. Жаңа ереже де күшіне енді.

Бірақ іс жүзінде қалай? Уәденің қайсы орындалды, қайсы жоқ. Шынтуайтында электронды құжатыңызды қабылдамайтындар да табылып қалады. Оларды қайтеміз? 

Қазақстандықтар құжаттың цифрлық нұсқасын түпнұсқамен тең дәрежеде қолдана алады. Заң өткен айда күшіне енді. Енді барлық мемлекеттік ұйым, мекемелер мен екінші деңгейлі банктер «Е-гов мобайл» және мобильді қосымшалар арқылы электронды құжат түрін қабылдауға міндетті.

Азаматтар қолданатын қызмет түрлері аз емес. Бұл процесс екі жыл бұрын кезең-кезеңмен енгізілді. Құзырлы ведомство өкілдері цифрландыруға дайындық дербес мәліметтер қауіпсіздігі тұрғысынан да мұқият қаралғанын айтады. Мобильді қосымшадағы құжатты көлденең біреудің қолдануы мүмкін емес.

Бекболат Молдабеков, ҚР ЦДИАӨМ Мемлекеттік қызметтер комитеті төрағасының орынбасары:

- Енді толықтай осы цифрлық құжат пен қағаз жүзіндегі құжат теңесті. Қай жерге барсаңыз да сіз осы цифрлық құжатты көрсетіп, емін-еркін өте бересіз. Әуежайларда, темір жолдарында, толықтай Қазақстан бойы қабылданып жатыр. Енді осы заң енгізілгеннен кейін полиция, банк қызметкерлері және толықтай барлық ұйымдар осы цифрлық құжатты қабылдауы керек.

Иә, заң бар және оны орындау мәселесі бар. Кейде осы екі түсінік бір-біріне кереғар келіп жатады. Жаңа өзгерісті тұрғындар оң қабылдағанымен іс жүзінде кейбір қайшылықпен бетпе-бет келеді.

Баян Айтбекқызы, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Төлем жасауым керек еді, бірақ банк бөлімшесіндегілер электронды құжатымды қабылдамай қойды. Қайта көтеріліп, жеке куәлігімді алып баруыма тура келді. Олардың айтуынша, бейнебақылау жазылып жатқан соң қағаз құжатымды көрсетуім міндетті екен. Ешнәрсе айтып, шу шығарғым келмеді, жай ғана талабын орындадым.

- Біз қазір елордадағы банк бөлімшелерінің бірінің алдында тұрмыз. Цифрлық құжатпен кез келген қызмет түрін ала аламызба, тексеріп көреміз.

- Я правильно понимаю, что для открытия карты требуется оригинал?

-Удостоверения - да. Аппарат требует.

- А если мы у консультанта откроем?

- Там тоже удостоверение требуют.

- Но теперь же они равнозначны.

- Ну, такое требование банка, что надо удостоверение. 

Алайда кейбір ұйымдардың ішкі ережелері бар. Мәселен, үлкен сомадағы банк операциялары кезінде қағаз құжат әлі де талап етіледі. Цифрландыру жөніндегі министрлік өкілдері бұл олқылықтар жыл соңына дейін шешіледі деп сендірді.

Бекболат Молдабеков, ҚР ЦДИАӨМ Мемлекеттік қызметтер комитеті төрағасының орынбасары:

- Біздің министрлікке хат жазса болады және электронды поштамызға хат жазса болады. Және біз қосымшада арнайы батырма жасап жатырмыз. Ол 3-4 күнде дайын болады, астында көмек деген баспа. Соны баспа сол жерден осындай банк менен цифрлық құжат қабылдамады деген бір-екі сөйлем бізге жазатын болса, тез арада шешетін боламыз.  

Цифрландыру туралы заң күшіне енгенімен оған іс жүзінде ілесе алмай келеміз. Тұрғындар осыған налиды. Егер ғаламтор желісінде ақау болса, цифрлық қызметті пайдалану тіпті мүмкін емес екенін ескеру қажет. Мәселен, бүгін Егов порталында техникалық ақау болғанын мамандар ресми түрде растады. Ал мұндай жағдайлар аз емес. 

Рухани Асқар, Аят Дүйсенбаев, Мұрат Әріпханов