Ақмола облысында небәрі 30 құтқарушы сүңгуір бар

Ақмола облысында шомылу маусымы басталғалы 15 адам құтқарылған. Олардың екеуі бала. Бұл құтқарушы сүңгуірлердің еңбегі. Ал өңірде 30 шақты ғана сүңгуір бар.

Бурабай ауданының құтқару жасағындағы Александр Попов 1991 жылдан бері сүңгуір боп қызмет етеді. Жасы 50-ден асса да салмағы 30 келі болатын аквалангист қондырғысын ол арқасына қиналмай асып, су түбіне сүңгіп кетеді. Сөйтіп, суға кеткен адамды бір түскенде кемінде 1 сағат іздестіреді. Ал мұның өз қиыншылығы бар.

Александр Попов, сүңгуір:

- Жалпы біздің қызмет ауыр санаттағы жұмысқа жатады. Себебі су астында неше түрлі жағдай болады. Кейбір сулар, мәселен, өте лас болады да түбінде түк  көрінбейді. Кейде су өте суық боп жатады. Бірақ осының бәріне әбден үйреніп алдық.

Аймақтағы құтқарушы сүңгуірлер тек өз бекеттерінде ғана қызмет етпейді. Көмек керек болған облыстың барлық су қоймаларына бара береді. Олардың жұмысы әсіресе шілденің шіліңгір ыстығында қыза түседі. Мәселен, күн жылығалы бері өңірде 8 адам суға кетіп, 15 адам құтқарылған.

Талғат Айтпаев, облыстық жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары:

- Бізде әр бекетте кемінде 3 адам жұмыс істейді. Олардың біреуі жасақ жетекшісі, ал екеуі сүңгуір. Сөйтіп, 30 шақты құтқару бірнеше ауысымға бөлініп, қызмет етеді. Құтқару жұмыстарынан бөлек олар үнемі оқу-жаттығу сабақтарын жүргізіп отырады. Жалпы бір сүңгуір жылына кемінде 60 сағат су түбіне түсуі тиіс.

Алайда аймақта құтқару бекеттері өте аз. Небәрі 4 көлде ғана осындай кәсіби жасақ жұмыс істейді. Сондықтан сала мамандары жыл сайын ерікті азаматтарды арнайы оқытып, қоғамдық құтқарушыларды дайындайды. Мәселен, биыл 120 адам суда құтқарудың қыр-сырын меңгерген. 

Дамир Берікұлы, тілші:

- Одан бөлек кәсіби құтқарушылар судағы оқыс оқиғалардың алдын алу үшін профилактикалық іс-шаралар өткізеді. Мәселен, жағажайда демалып жүргендерге жадынама таратып, суға түсу барысында қауіпсіздік ережелерін сақтамағандарға полицейлердің көмегімен айыппұл салады. Алайда әркім өзі мен балаларына абай болмаса мұның бәрі нәтижесіз болмақ. Себебі су айдыны қателікті кешірмейді.

Дамир Берікұлы, Виктор Полянный