Еңбекшіқазақ ауданындағы ауыл халқы құс фабрикасынан зардап шегіп отыр

Құс фабрикасынан тараған иіс қолқаны қабады. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы елді мекен тұрғындары осылай деп наразы. Күндіз-түні шығатын күлімсі иістен жөтел, бас ауру, көзден жас ағу сынды ауру көбейген.

Фабрика Бағдаршам ауылының іргесінде тұр. Жолдың арғы бетіндегі кәсіпорыннан шығатын күлімсі иістен зәрезап болдық, дейді тұрғындар. Далада жүру былай тұрсын үйдің терезесін ашудан қалыпты. Жөтел қысу, көздің ашуы, бастың ауруы жиілеп кеткен. 

Айдос Иманбеков, Бағдаршам ауылының тұрғыны:

- Күн ысыған сайын сасу күшейіп бара жатыр. Одан қалса түнде ұйықтай алмайтын жағдайға жеттік. Вентиляция істейді түнде, гүрілдейді бағанағы вентилциясы. Халық қиналып кетті. Мен, мысалы, өз басым  осы жақта тұрғанымда жөтел пайда болды. Қаншама дәрі ішіп жатырмын, мұрын ашиды, бас ауру сондайлар пайда болып жатыр. 

Бақыт Төреханов, Бағдаршам ауылының тұрғыны:

- Осы жерде тұрғанымен менің 7 жыл болды. Жеті жылдан бері осының сасығын иіскеп келе жатырмыз. Балаларымыз ауру болатын болды, негізі ауырып та жатыр. Осы мәселені шешсе тауық фабрикасының осы басшылығы бар. Біздің ең бірінші мәселеміз осы. Қазір енді мына технологияның дамыған заманы ғой. Негізі осы тауық фабрикасының сасығын азайтып, осыны шешіп берсе.

1977 жылы пайдалануға берілген құс фабрикасы барлық санитарлық, экологиялық талапқа сай, дейді кәсіпорынның инженер-экологы. Айтуынша, әу баста 300 метр болған санитарлық аумақ кейінгі жылдары үйлердің көптеп салуына байланысты 25 метрге дейін қысқарып кеткен.

Төлеген Қарсақпаев, құс фабрикасының инженер экологы:

-Біздің фабрикалардың санитарлық, экологиялық нормасы әр жыл сайын тексеріліп тұрады. Сол талап сақталып келеді. Тіпті, соңғы бес жылдан бері қалдық төгетін аумақты пайдаланбай, барлық қалдықтарды алыстағы арнайы орынға апарып төгіп жатырмыз. Әкімдік тұрғындарға жерді берген кезде санитарлық аумақты сақтамаған.

Ауылдықтар иістен құтыла алмай әлек.  Кәсіпорын басшылығы болса, жұртқа жер телімін заңсыз берген әкімдікті айыптап отыр. Ал ауыл әкімінің өз уәжі бар.

Бақытжан Чурмақов, Жаңашар ауылдық округінің  әкімі:

- Аудандық СЭС бөліміне хат жолданған болатын. Өз тарапымыздан облыстық экология департаментіне өз тарапымнан бүгінгі күнде мен хат жолдадым. Құзіретті орган өз тарапын бергеннен кейін бүгінгі күнде қандай қорытынды береді, санитарлық қорғау аймағы сақталған ба, және забор воздуха дейді ауаның айналаға таралған иісінде зиянды заттар табылған жағдайда өз тараптарынан қорытындысын береді.

Облыстық экология мен санитария департаментінің құс фабрикасын қашан тексеретіні, нәтижесінде қандай шешім шығаратыны әзірге белгісіз.

Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев