Сүт өнімдері неге қымбат?

Жеке шаруашылығы бар Жарқынай Байділдақызы 4 жылдан бері несібесін ақтан айырып келеді. Кәсіпкердің шағын қожалығында 15 бас ірі қара бар. Тәулігіне 200 литрден астам табиғи сүт шығарады. Сондай-ақ сары май, ірімшік, айран және сарысу дайындайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті өндірушілерден сұраныс болса, шикізатты бұдан да көп мөлшерде беруге қауқарлымыз, - дейді ол.

Жарқынай Байділдақызы, фермер:

- Қамтамасыз етуге болады. Мысалы 500 литр сүтке дейін  өндіруге болады. Сол кезде мысалы кәдімгідей біраз халыққа жетеді. Олар біз бастаған жылдары 100-120 тг алады. 120 тг деген. Мысалы бір  сиыр бір күнде 1 прес шөп жейді. Енді ойлаңыз, одан бері қарай, тіпті, жем-шөп те қымбаттап кетті ғой өте. Қазір  бір пресіңіз 2500тг барды.  Енді ойлаңыз, сиырдан алған сүтті оған 120 тг өткізсеңіз, тіпті, жеп тұрған жем шөбін де ақтай алмайсыз.

Фермер шикізат құны шаруашылықтың шығынын жапса дейді. Ал, нарықтың талабы басқа. Өндірушілер техникалық регламенттерді қатаң сақтауы тиіс. Сиырдың аурудан амандығы, сүттің қандай жағдайда сауылғаны тұтынушыға жететін өнімнің сапасына әсер етеді. Сондықтан өндірушілер жеке шаруашылықтың сүтін алудан бас тартады. Ал, стандартқа сай шикізат беріп отырған фермалар аз.  

Нұржан Олжабаев, Сүт өңдеу компаниясының жеткізу тізбегі департаментінің басшысы:

- Өкінішке орай біз жеке шаруашылықтармен жұмыс істемейміз. Себебі соңғы 10 жылда сүттің сапасына талап күшейді. Бұл дұрыс та. Біз сапасы жоғары сүтті тұтынушыға сол сапада жеткізуіміз керек. Ал, жеке фермерлердің шикізаты стандартқа сай емес.  

Еліміздегі сүт одағы өкілдерінің айтуынша, дайын өнімнің қымбаттауына сыртқы қаптамасы да әсер етуде. Себебі, қораптар шетелден әкелінеді. Жанар-жағар май құнының өсуі де тұтынушының қалтасына салмақ салуда. Ал, негізгі шикізат құрғақ сүт шетелден әкеленеді.

Дінмұхамед Айсауытов, ҚР Сүт одағының оңтүстік аймақ бойынша ресми өкілі:

-  Біз құрғақ сүтті импорттаймыз, ол Қазақстанда өндірілмейді. Бұл біздің өнімдеріміздің өзіндік құнына да әсер етеді. Сүт ұнтағы негізінен Ресей Федерациясынан, Беларусьтен және ішінара Қырғызстаннан әкелінеді. Сондықтан біз импортқа толықтай тәуелдіміз.

Мемлекет ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мүдделі. Ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз етуге басымдық берілген. Бірнеше тиімді мемлекеттік бағдарламалар да бар.

Мақсат Сералы, «Атамекен» ҰКП Наурызбай ауданы бойынша филиалының директоры

- «Экономиканың қарапайым заттары» бағдарламасы болып есептеледі.  Казіргі уақытта бұл бағдарлама бойынша шектеулердің барлығы алынып тасталынған. Баяғыда салааралық шектеулер болатын болса қазір  таңда кез келген кәсіпкер, соның ішінде ауылшаруашылығы өнімдерімен айналысатын кәсіпкер жеңілдетілген несие 6 пайызбен алу үшін өзінің өтінішін бере алады.

Мәселенің түйіні нәтижесіз мемлекеттік субсидияларға келіп тіреледі. Жеңілдетілген қаражат нақты сапалы өнім алу үшін бағытталуы тиіс.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Индира Оразалинова, Эдуард Кон