Құтқарушылар секундтың қадірін біледі: Қызылордада спорттық жарыс өтті

Қатысушылар өз ісіне тек спорт ретінде қарамайды. Жарыста төккен тер сын сағаттарда адам өмірін сақтап қалатынын құтқарушылар жіті түйсінеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сол себепті шиелілік өрт сөндіруші Еркін Әбдібек әр жаттығуға жауапкершілікпен қараймыз дейді.

Еркін Әбдібек, өрт сөндіруші: 

- Өртке болмаса адам құтқаруға барған кезде әрбір секунд адам өміріне маңызды. Бір секундта бір адамды құтқаруға болады. Сол себепті осы спортта 2015 жылдан бері дайындалып келе жатырмын. Қазір ҚР спорт шеберімін.

Қамбар Бекенов, тілші:

-Түрлі кедергілері бар 100 метрлік жарыс жолағын құтқарушылар норматив бойынша 16 секундта бағындыруы тиіс. Әзірге рекорд атыраулық спортшыға тиесілі. Оның көрсеткіші 15,3 секунд. Жарыс 6 тамызға дейін жалғасады. Сондықтан өзге спортшылардың рекорд жаңартуға мүмкіндіктері мол.

Аузымен құс тістеген желаяқ қыздар да жарыс көркін қыздырып-ақ жатыр. Жалпы әйелдер құрамасы әлемдік аренада үздіктер қатарынан көрініп жүр. Ұлттық құраманың белді мүшесі елордалық ару Арина бүгін жеке рекордын жаңартып, 100 метрді 16,86 секундта жүгіріп өтті.

Арина Әлмұқанова, құтқарушы:

- Әйел адамға осы спорт кішкене қиындау болады. Бірақ та өте қызықты спорт. Біз үшін жылдамдық керек, өте тез жүгіру керек. Әр уақытта сенің күшің болу керек. Бүгін осы спортта ең қиыны ауа-райы болған. Өйткені күн өте ыстық.

Даурен Данаев, ҚР Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар спорт федерациясының директоры:

- Ертең мұнараға шабуылдау 2-4 қабатқа. 3-күні өрт сөндіру эстафетасы дейді. 4-тен 100 метрлік және ең соңғы күні мотопомпадан нысанаға су беріп, 4-жаттығуды өткіземіз.

Сыр бойында өткен жарыс үздіктері іріктеліп, алдағы қыркүйекте Өзбекстанда өтетін 17-чемпионатта ел намысын қорғайтын болады. Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамед Байділдаев