Кеден бекетіндегі кептеліс қашан басылады – Жамбыл облысы

Біздің елде дизель отынының арзандығы өзгелерге жақсы болып тұр. Өткен-кеткен шетелдік көліктер толтырып құйып алғаны былай тұрсын, өз елдеріне апарып сатады.

Қазір қазақ-қырғыз шекарасындағы «Қарасу» кеден бекетінде кептеліс туындаған. Жүк көліктері сағаттап кезек күтеді. Өйткені олардың көбі арғы беттен бос келіп, біздің елден дизель отынын тасып жатқанын айтады жергілікті тұрғындар. «Қарасу» кеден бекетіндегі жүк көліктерінің тізбегі екі шақырымға дейін созылған. Шекарадан ары да, бері де өтушілердің қатары көп. Ауыр техникалардың кептеліс себебін шекара қызметі түсіндірмеді. Ал жергілікті тұрғындардың айтуынша, қырғыз жүк көліктері Қордайға келіп жанармай құюды жиілеткен. Өйткені көрші елдегі жанармай бағасы қымбат.

Шекара қызметінің мәліметінше, қазір елімізге тәулігіне 4,5 мың жүк көлігі кіреді екен. Соның 70% шет елдікі. Нәтижесінде, айлық жанармай тұтыну көрсеткіші 120 мың тоннаға артқан. Қырғыз көлік жүргізушілерінің айтуынша, көрші елді дизельді литрі 372 теңге болса, елімізде 230 теңге.

Қордайдағы 15 жанармай құю бекетінде әзірге сұйық отын тапшылы жоқ. Бірақ кейбір бекеттер жүк көліктеріне 100-200 литрға дейін шектеу қойған. Алайда жанармай құю бекетінде тіркемесіз жүк көліктері кезекте тұр. Олар біздегі арзан отынды өз елдеріне апарып қымбатқа сатуда.

Бахыт Сахатов, Қордай ауылдық округінің әкімі:

– Қырғызстанға кетіп жатқан жанар-жағармаймен проблема болып жатыр. Кеденде кептеліс болып жатыр, одан кейін жанармай станцияларында кептеліс болып жатыр. Енді бұл мәселені заңды түрде шектеу болмаса, біз бұл жөнінде ештеңе істей алмаймыз.

Осы орайда еліміздің энергетика министрлігі дизель отынына теңгерімді баға енгізу туралы заң жобасын жасаған. Нақтырақ айтсақ, жанармай бағасы шет ел азаматтары үшін қымбат бағада сатылмақ. Қордай ауылдық округында 27 шаруа қожалығы бар. Жергілікті шаруаларға субсидия аясында дизель отыны 211 теңгеден сатылады екен.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев