Петропавлдағы бірнеше үй Есіл өзеніне құлап кетуі мүмкін – СҚО

Соңғы жылдары өзеннің жарқабағы үгітіліп, ішке құлап жатыр. Қауіптің бар екенін төтенше жағдайлар қызметі де растайды. Бірақ әкімдіктен «сүйінші хабар» жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

Ерке Есілдің жағасы. Жардың жиегі. Керемет көрініс. Біреуге бұл жерде тұру арман болып көрінетін шығар. Бірақ мына үйдің тұрғындарына емес. Өйткені жардың жиегі жылма-жыл, міне, құлап, опырылып барады.

Есілдің жағасында жанын шүберекке түйіп отырғандардың бірі – Күлзиян Сатанова. Жардың жиегі құлай-құлай үйдің іргесіне жақындап қалған. Тіпті кіреберіс қақпасы әзер тұр.  

Күлзиян Сатанова, қала тұрғыны:

– Қорқамыз. Көшіп кетейік десек, сатайық десек кім алады, ешкім алмайды. Қайда барамыз? Қазіргі уақытта өзіңіз түсінесіз, баға көтерілген үйлерге. Ала алмаймыз ешқандай үй. Сол енді отырмыз. Түнде қорқып тұрамыз таңертең оянғанда. Орнында ма бәрі, жоқ па деп.

Оның көршісі Ольга Полошкова да үрей құшағында. «Бұрын шарбақтың артында үй салатын жер болған дейді», – әйел. Ал қазір терең шұңқырға айналған.

Ольга Полошкова, қала тұрғыны:

Жаңбыр жауса, үйде отыруға қорқамыз. Ал шұңқырдың тереңдігі 12 метр. Бізге қала әкімінің орынбасары, төтенше жағдайлар қызметкері мен депутаттар келіп көмек көрсетеміз деп кеткен. Ешкім жоқ. Барып сұрағам, айтқан адам жұмыстан шығып кетті деп қоя берді.

Бұл жерде тұрудың қауіпті екенін төтенше жағдайлар департаменті ресми түрде мәлімдеді. Олар осында зерттеу жүргізіп, жардың «жұқарып» бара жатқанын жариялады.

Евгений Журавлев, ТЖД баспасөз хатшысы:

– Бұл үйді соңғы рет әкімдік қызметкерлерімен 2020 жылы қарап тексердік. Оның қорытындысы бойынша адамдарға қауіп төніп тұрғаны туралы шешім шығарылды. Жауаптыларға айтып ескерттік.

Жауаптылар дегені – қалалық әкімдік. Олар мәселені жақсы біледі. Бірақ ақша жоқ дейді. Адамдардың өміріне қатысты сұраққа бюджеттен қаржы табылмапты. 

Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Жардың жиегін күшейту үшін, күшейтуге байланысты жоба дайындау үшін, жобалық құжат дайындау үшін 2020 жылдан бастап бюджеттік сұраным жасап жатырмыз. Бірақ әзірге бюджеттен ақша бөлінген жоқ.

Мәселенің шұғыл түрде шешілетін түрі жоқ. Ал күндердің күнінде үйлер құлап кетсе, бәрі де кеш болуы мүмкін.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев