Ақмола облысында малдан бруцеллез шықты 

Ақмола облысында қойлар бруцеллезге шалдықты.Бұл Астрахан ауданының Петровка ауылындағы жағдай, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда бір қорадағы 23 қойдан сарып ауруы анықталған. Бірақ мамандардың айтуынша, алаңдауға негіз жоқ. Себебі ауру мал жойылған. Елді мекенде бірқатар шектеу шаралары енгізілді. Мал союға, ет және сүт өнімдерін сыртқа сатуға уақытша тыйым салынды. Ал бруцеллез анықталған қойларды ауыл тұрғыны өткен күзде өзге аймақтан сатып әкелген және уақытылы тексертпеген. Жергілікті ветеринарлар мұны кезекті сынама алған кезде анықтады. Бір қауіптісі бруцеллез ұсақ малдан адамға да жұғады екен.  

Талғат Жүнісов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

– Бұл жерде енді мен ойлаймын, асыра сілтеушілік деуге бола ма, сондай күйіп бара жатқан ештеңе жоқ. Бұл жерде кісілер ауырған жоқ. Сондықтан біз алдын алу жұмыстарын жүргізіп, ол 23 бас қой арнайы сойылатын жерде сойылып, барлығы жойылды. Енді сынамалар әр 15 күн сайын алынып отырады. Қан тексеріліп, 2 рет оң нәтиже бергеннен кейін ол жерде шектеу жұмыстары аяқталады.