Қоғамдық орындарда түкіруге тыйым салуды толық қолдаймын – министр

Қоғамдық орындарда түкіруге тыйым салуды толық қолдаймын – министр
Tengrinews.kz

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният көшеде түкіруге тыйым салу туралы ұсынысты қолдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер министрден қоғамдық орындарда түкіруге заң деңгейінде тыйым салу туралы сұрады. «Еуропада мұндай нәрсе жоқ, ал бізде барлық

аялдама, қоғамдық орын түкірікке толы», – деді журналистер. Денсаулық сақтау министрі заңды түрде қоғамдық орындарда түкіруге тыйым салуды қолдайтынын айтты.

«Қоғамдық орындарда түкіруге тыйым салуды толық қолдаймын. Сіздің ұсынысыңызды да қолдаймын. Бірігіп депутаттарға осындай бастама туралы айтуымыз керек шығар», – деді министр.

Сондай-ақ ведомство басшысы мұндай ұсыныс талқылануы керек екенін айтты.

«Ұсынысыңыз туралы ойланайық. Кез келген тыйымға жаза болады. Әрине мұны қоғам талқысына салу керек», – деп түйіндеді министр.