476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Жеделсатымен байланысты 13 оқиғаның сегізінде адамдар қаза тапқан

  • 176
  • UPD: 10:15, 05.08.2022

Елордадағы тұрғын үйлерде 250 жеделсаты әбден тозған. Ал қалада жыл сайын әрі кеткенде небәрі 10 лифт ауыстырылады. Жеделсаты компаниялар қауымдастығы өкілдерінің мәлімдеуінше, астаналықтар тұрғын үйді жаңарту бағдарламасына қатысқысы келмейді. Өйткені оның шығыны көп. Салдарынан жеделсатылар жиі істен шығады.

Осыдан бірер күн бұрын әлеуметтік желілерде елордалық тұрғын үй кешендерінің бірінде жеделсаты құлаған бейнеролик тарады. Оның ішінде қызымен бірге болған Нина Қожахметова 14-қабаттан 1-қабатқа түспек болды. Алайда үшінші қабатқа жеткенде лифт істен шығып, жоғары жылдамдықпен жертөлеге құлады.

Нина Қожахметова, қала тұрғыны:

- Лифт құлағанда біз тез арада диспетчерге хабарластық. Ол бізге жедел саты жөндеуден өтіп жатқанын айтты. Егер ол жөнделіп жатса, оның есігі мүлдем ашылмауы керек еді ғой. Қатты қорқып қалдық. Бірақ жарақат алған жоқпыз.

Меншік иелері бірлестігі төрағасының айтуынша, бұл үйде орнатылған жедел сатылар о басынан ескі болып шықты. Құрылыс компаниясы 2006 жылы кешенді салғанда мұнда жаңа лифт орнатуды жөн көрмеді. Шыдамы таусылған тұрғындар жеделсатыны ауыстыру туралы шешім қабылдады.  Алайда олар биылғы тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасына іліге алмады.

Баян Қонақова, меншік иелері бірлестігінің төрағасы:

- 15 жыл болды тұрғанына. Экспертиза бар. Капитальный ремонтқа келмейді. Опросник жинадық. 3 подъезд жинадық. Документтеріміз бар. Бірақ ақша бөлінбей жатыр. Мынадан кейін берілетін шығар бізге. 

Бірақ жедел сатыны өз есебінен ауыстырамын деген тұрғындар аз көрінеді. Көбінің қалтасы мұндай шығындарды көтере алмайды. 

Владимир Табашнюк, қалалық жеделсаты компаниялары қауымдастығы төрағасының орынбасары:

- Пәтер иелерінің өздері лифтіні ауыстыруға қарсы шығады. Өйткені олар бюджеттен жаңартуға бөлінетін қаржыны 8 жылда қайтаруы тиіс. Сондықтан болар қалада жыл сайын 3-10 лифт ауыстырылып жатыр. Былай есептеп қарайтын болсақ, әр пәтер айына небәрі 2 мың теңге төлейді. Менің ойымша, ол көп емес. 

Жеделсатылардың қауіпсіздігіне пәтер иелерімен бірге қала әкімдігі де жауап береді. Бірақ инспектор саны аз болғандықтан тиісті тексерістер уақытылы өткізілмейді. Сондықтан мамандар тек шағым түскен кезде ғана, бақылау жүргізе бастайды.  

Рахымжан Бектанов, қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:

- Біздің басқармаға немесе қала әкімдігіне тұрғындардан жазба түрінде келіп түсетін болса жалобалар, онда біз тексеріс жүргіземіз. Сондай-ақ 4 аудандық әкімдікпен бірге профилактикалық жұмыс жүргіземіз. Оларға түсіндіру, техниканы пайдалану бойынша жиналыс ұйымдастырамыз.

Айта кетерлігі, елімізде соңғы 4 жылда жедел сатыларға қатысты 13 төтенше жағдай тіркелген. Олардың 8-і адам өліміне әкеп соқтырды. Сол себепті әр үйдің тұрғындарына өз қауіпсіздігін ойлап, жеделсатыны дер кезінде жөндеп немесе ауыстыруына тура келеді. 

Дариға Ташенова, Артур Горшняков

Хабар 24 телеарнасы