Қарағанды облысында мектеп мәселесі шешілмей тұр

Саягүл Несіпбекқызы көпбалалы ана. Ауылда мектеп барда қиындық көрмедік, - дейді. Жабылғаннан кейін екі баласы басқа ауылға кетсе, тағы бірін Қарағандыға жіберген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Апта соңында оларды алып келудің өзі азап, - дейді. Суықсудағы бар ата-ананың мұңы осы. 

Саягүл Несіпбекқызы, Суықсу ауылының тұрғыны:

- Нұраталдыдағы балама бару үшін бірінші Қарағандыға барамын, сосын пересадкамен Нұраталдыға барамын. Одан кейін Қарағандыдағы қызыма барамын. Солай екі ортада жүрдім. Енді биылғы жылы үшеуі де қыз бала болғандықтан үшеуі де жылайды біреудің үйне жатып оқымаймыз деп. Балалар негізі интернаттада жатып оқып көрген. Бірақ онда балалар бірін-бірі ренжітеді ішіндегілер. Үлкен балалар кішілеріне тиіседі. Сондықтан олар интернатқа бармаймыз деп мүлде қарсы болып тұр.

Қазір ауылда мектеп жасындағы 16 оқушы бар. Жергілікті ірі шаруа қожалық өкілдері мұнда тағы отбасыларды көшіріп әкелуге ниетті болған. Бірақ мектеп жабылған соң, келем дегендер айнып қалыпты.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

-  Бір кезде 300-ге жуық бала білім алып, іші абыр-сабыр болып жатқан алтын ұя мектептің қазіргі ахуалы міне осындай. Бала саны аз, мектеп апаттық болып табылған соң оны қалыпқа келтіру тиімсіз көрінеді. Салдарынан былтыр балалар басқа жақтарға жіберіліп, ал есікке мынандай қара құлып салынған.

Мәселенің жалғыз шешімі ол Суықсудан 13 шақырым қашықтықта тұрған Ақбастау ауылының мектебіне балаларды күнделікті жеткізіп тұру. Жауаптылар конкурс жариялағанымен ол екі мәрте өтпей қалған. Ал, ауылда ешкімде талапқа сай келетін автобус жоқ. Енді білім басқармасының өкілдері мәселені өзгеше шешпек.

Ардақ Әйкенова, Бұқар жырау ауданы білім бөлімінің басшысы:

- Ауыл облыс орталығынан шалғайда жатыр. Сондықтан конкурсқа ешкім қатыспайды. Егер мемлекеттік сатып алу арқылы аталған мәселе шешімін таппаса онда аталған ауылға бір автобусты бекітіп беру керек болады. Қыркүйекке қарай Суықсудағы оқушыларды Ақбастауға жеткізіп тұру мәселесі шешімін табады деп ойлаймын.

Бұқар жырау ауданы бойынша қазірдің өзінде мектебі жоқ, салдарынан өзге ауылға апарып оқытатын 23 елді мекен бар. Аудандық білім бөлімі балансында 12 автобус болса, қалғаны келісімшарт негізінде істейді. Қазір аудан Суықсу сынды ауылдар үшін тағы 7 автобусқа бюджеттік өтінім берген.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпхар