Таразда тұрғындар есту аппараттарын ала алмай жүр

Інжудің құлағы дұрыс естімейтіні 1 жасында анықталған. Дәрігерлер қойған диагноз – кереңдік. Есту қабілетін қалпына келтіру үшін ол кохлеарлық имлантация әдісімен арнайы аппарат алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Орнатылған механизм дыбыстық белгі береді. Оның импланты соңғы рет 6 жыл бұрын ауыстырылыпты. Өткен жылы жаңасын алуы тиіс еді. Алайда өздері ешқайда бармаған.

Айтолқын Қарашолақова, Тараз қаласының тұрғыны:

- Дыбыстар, әріптерді уже терять етіп жатырмыз да. Басында жақсы еді ғой. Енді-енді уже кішкене дұрыс айтпаймыз сөздерді. Соңғы әріптерін не болмаса аппарат уже не істеп жатыр. Біз уже бір рет процессорды ауыстырдық өзіміздің ақшамызбен. БУ-дың өзін 2 мыңға ауыстырдық естімей қалады деп.

Жуалы ауданының тұрғыны Жансая Жаманқараеваның басындағы жағдай да осыған ұқсас. Оның Маржан есімді қызы биыл 11-сыныпқа барады. «Ештеме естімесе, сабақты қалай оқиды? Соған уайымдап отырмын», - дейді ол.

Жансая Жаманқараева, Жуалы ауданының тұрғыны:

- Мен келген кезде маған битіп айтты. «Ақша бөлінді, жылдың соңы, егер ақша игерілмей қалатын болса,  бастық таяқ жейді, оны білесіздер, түсінесіздер. Біз ақшаны возврат жасап жібердік», - деді. Орта мектепті бітіреміз ғой. 11-сыныпта оқимыз. ҰБТ тапсырамыз. Бізге ол өте қиын. 1 қыркүйекте сабаққа отырады, ол естімейді ғой.

Кохлеарлық имлантқа арналған 1 таратқыштың құны 5 миллион теңге тұрады. Жамбыл облысының 37 тұрғыны оны биыл алуы тиіс еді. Белгілі бір себептермен кешіктіріліп жатыр. Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік сатып алуға қатысуға ешкім құлықты емес. Өйткені бұл аппараттардың бағасы өте қымбат.

Ғалижан Мейірманов, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

- Егер ондай порталда адам болмай қалса, өнім беруші болмай қалса, ол кісілер далада қалмауы керек қой. Сол үшін оның екінші әдісі мемлекеттік сатып алу тәсілімен жүргізіледі. Сомасына шақсақ, 190 миллионнан астам қаражат болып тұр. Мемлекеттік сатып алу басқармасы бар ғой, сол жерге өткізіледі. Қажеттілік жинақталған, ақшасы қаралған, қазіргі күнде конкурстық рәсімдер өткізіліп, жеңіп алған өнім беруші арқылы осы құрал түрі беріле бастайтын болады.

Аталған аппараттарды алуға жарияланған байқаудың қорытындысы 16 тамыз күні шығады.Ол сәтті жүзеге асса, мүгедектігі бар жандар қыркүйек айында жаңа аппараттармен қамтамасыз етіле бастайды. 

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Анастасия Сулейманова, Руслан Ахатилла