Жемқорлықпен күрес нәтижелері: Алматыда 1700 өтініш қабылданды

Биылғы 6 айда Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі азаматтардан 1700 өтініш қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 65%-ға артып отыр. Бұл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тұрғындар сенімі артқанын білдіреді. Мемлекеттік қызметкерлер өздеріне ұсынылған пара туралы да белсенді хабар бере бастаған. Кей жағдайда оларға 70 млн. теңгеден аса пара ұсынылған деректер мәлім.

Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:

- Бірінші кезекте жемқорлық фактісін болдырмау үшін оның алдын алу шаралары маңызды. Мемлекеттік қызмет көрсету, мемлекеттік сатып алу салаларындағы адами фактор кездесетін нақты мысалдарды айтуға болады. Қылмыстық іс қозғап, сот шешімін шығарғанның орнына оның алдын алу тиімді.

Шаһар басшысы Ерболат Досаев сыбайлас жемқорлық схемаларын түбегейлі жойып, алдын алуға мүмкіндік беретін жүйелі шаралар қажет деп есептейді. Айтуынша, әрбір мемлекеттік орган басшысы қарамағындағы қызметкерлерін жемқорлық фактілеріне қатысты бағалауы қажет. Бұл KPI жүйесіне де енгізілуі тиіс.

Асхат Оразхан, Алматы қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің басшысы:

- Биылғы 6 айда жемқорлық фактілері туралы хабарлаған 3 азаматқа 600 мың теңгеден аса сыйақы берілді. Бүгін әр мемлекеттік қызметкер қатал қоғамдық бақылаудың барын сезінеді. Негізгі міндетіміз – арыз-шағымды мұқият тексеру. Тұрғындардың өтініштері күн сайын артып келеді. Әрбір хабарлама ерекше бақылауға алынып, уақытылы қаралып жатыр.

Салалық департамент басшысы Асхат Оразхан жемқорлыққа бейім негізгі салаларды атады. Денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй құрылысы, жер мәселесі, сондай-ақ, экологиялық ахуалды жақсарту – тұрғындар үшін өзекті. Жемқорлықпен күрес осындай әлеуметтік өткір проблемаларды шешумен қатар жүруі тиіс.

Авторы: Рухани Асқар