Ақтөбеде соңғы екі айда көлік апатынан 28 бала зардап шеккен

Жаз айларында балалар жарақатының жиілей түсуі ақтөбелік дәрігерлер мен полиция қызметкерлерін алаңдатып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тек маусым айынан бері қала жолдарында болған көлік апаты салдарынан 28 жасөспірім зардап шеккен. Ал жыл басынан бері тіркелген 52 жазатайым оқиғадан 5 бала қаза тапты. Бұдан бөлек, тұрмыстық жағдайда ойын алаңдарында жарақат алу дерегі бар. Балалар өмірін қорғау үшін қазір алдын-алу шаралары жиі өткізіледі. Лагерлерде демалып жатқан оқушыларға да жазғы мезгілде абай болу ескертіліп, қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп жатыр. Салауатты өмір салтын ұстану, спортпен шұғылдану керектігі де айтылды.      

Алмагүл Айтқұлова, салауатты өмір салты орталығының дәрігері:

– Бұл акциямыз балалардың өмірін қорғау, олардың күнделікті өмірде сақ болуларын үйретуге бағытталған. Бұл жерде суға шомылу, жолдан өту, ойын алаңдарында абай болу ережелері түсіндіріледі. Тіпті күн астында көп жүрудің өзі денсаулыққа кері әсер ететіні айтылады.