Елімізде туристік компаниялар заң талаптарын жиі бұзады – Туризм комитеті

Сол себепті Туризм индустриясы комитеті қазақстандықтарға үндеу жариялады, деп хабарлайды «Хабар 24».

ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес туристік компаниялар жеке кәсіпкерлер немесе тиісті ұйымдық-құқықтық нысанда заңды тұлғалар ретінде тіркелуі тиіс. Жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркеусіз, сондай-ақ рұқсатсыз турфирмалардың қызметі заңсыз. Алайда өздерін туроператорлар ретінде көрсететін, бірақ туроператорлардың мемлекеттік тізіліміне енгізілмеген кейбір жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қолданыстағы заңнаманы бұзу фактілері жиілеп кетті.

«Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» ҚР Заңына сәйкес шығу туризмі саласында туроператорлар туристік өнімді тек турагенттер арқылы, ал келу және ішкі туризм саласында тікелей туристерге, оның ішінде турагенттер арқылы өткізетінін атап өту қажет. «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес туроператорлық қызмет лицензияланатын қызмет түрі. Бұл ретте турагенттердің, гидтердің, экскурсоводтардың және туризм нұсқаушыларының қызметі хабарлама жасау тәртібімен жүзеге асырылады», – делінген хабарламада. 

Сонымен қатар гидтер, экскурсоводтар және туризм нұсқаушылары жұмыс берушімен келісім бойынша жалдамалы қызметкерлер немесе elisence порталында хабарлама жіберу арқылы жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істей алады.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР кодексінің 463-бабына сәйкес тіркеу, рұқсат беру, хабарлама жіберу мiндеттi болған жағдайларда, тiркеусiз, рұқсатсыз, сол сияқты хабарлама жібермей кәсiпкерлiк немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасау заттары және құралы тәркiленедінемесе жеке тұлғаларға – он бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жиырма бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бір жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады.

Ал лицензиясыз кәсiпкерлiк немесе өзге де қызметпен айналысу арқылы әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған кіріс (дивидендтердi), ақша, бағалы қағаздар қосымша тәркiленеді», – делінген ТИК хабарламасында. 

Қазақстан Республикасының туризм саласындағы заңнамасы бұзылған жағдайда, уәкілетті орган еліміздегі тексерулер және профилактикалық бақылау мен қадағалау жүргізуге мораторий аяқталғаннан кейін тексерулерді жүзеге асыратын болады.

Өз кезегінде, алаяқтық және заңсыз қызмет белгілері бар жағдайлар анықталған кезде, ҚР МСМ Туризм индустриясы комитеті құқық қорғау органдарына олардың құзыреті бойынша сұрау жолдайды.