Шығыста жаз кезінде 200 тонна шөп өртеніп кетті

Жаз әлдекімдер үшін жадырап, еңсе жазатын уақыт болса, өрт сөндірушілер үшін тыным таппайтын мазасыз мезгіл. Шығыстағы құтқарушылар өңірде өрттің жиілеп кеткеніне алаңдайды. Соңғы кездері облыста 18 оқыс оқиға тіркеліп, 200 тонна шөп жанып кеткен. Бұл несібесін жерден терген шаруалар қауымына қиын тиіп отыр. 

Қызыл жалынның бетін аулақ қылсын, бұл өрт сөндірушілердің кезекті оқу-жаттығуы. Көріп тұрғандарыңыздай, ұшқынның алауға айналып, айналасын жайпап өтуі әп-сәтте. Сондықтан отпен ойнауға болмайды. Ірі шаруа қожалықтары өрт қауіпсіздігі ережелерін естен шығармауы керек.   

Серік Сағандықов, шаруа қожалығының басшысы:

- Қазір қарбалас шақ. Қыстың қамын жаз ойлап, жем-шөпті молынан жинауға тырысып жатырмыз. Онсыз мал шаруашылығы мандымайды. Ең бастысы, жиналған дүниені көздің қарашығындай сақтау.

Сақтау үшін де сауысқандай сақтық керек. Алайда ауылдағы ағайынның бәрі мұны ескермейді. Шөпті қораның төбесіне, электр желілеріне жақын жерге үйеді. Мұның соңы неге апарып соғатыны айтпаса да түсінікті. Осындай оқыс оқиғалардың алдын алу үшін шаруаларда арнайы жабдықтар болуы қажет.    

- Соблюдайте обязательно наличие первичных средств пожаротушения, потому что вы можете на месте на начальной стадии предотвратить загорание собственными силами.

Арман Наурызбаев, Шемонаиха ауданының ТЖБ басшысы:

- Осы жылы екі өрт тіркелді. Соны болдырмау үшін шаруа қожалығының басшыларымен және жұмысшыларға түсіндіру жүргізілді.

Төтенше жағдайлар мамандары оқыс оқиғаны болдырмас үшін қопарылған жердің әр сантиметріне дейін мұқият қарайды. Негізінде жыртылған аумақ пен маяның арасы 15 метрден кем болмауы керек. Алайда бұл талапты бұлжытпай орындайтындар аз. Соның кесірінен өткен жылы 600 тонна шөп жанып, шаруалардың есіл еңбегі далаға кеткен. 

Азамат Қасым, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин, Жігер Бабаханов