Ақтөбеде перзентханаға жаңа аппарат сыйлады

Көз ауруына шалдыққан нәрестелерге енді Ақтөбеде де ота жасауға болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыстық перинаталдық орталықта жаңа медициналық аппарат іске қосылды. Оның көмегімен көру қабілеті нашар сәбилерді тексеріп, қажет болса операция өткізуге де мүмкіндік бар. Әдетте, мұндай қызметке мерзімінен бұрын дүниеге келген балалар мұқтаж. Қазірдің өзінде екі нәрестенің денсаулығы бақылауға алынған.

Ал, жыл сайын өңірде шамамен 40-тан астам шақалақтан көз ауруы анықталатын көрінеді. Көбіне отасыз ем жүргізілгенімен, арнайы аппараттың да қажеттілігі соңғы уақытта айқын сезілген. Орталыққа құны қымбат франциялық медицина жабдығын «Аяла» қоры сыйға тартыпты. Енді мұнда елдің батыс өңірінде көмекке мұқтаж сәбилерге қызмет көрсете алады. Аппаратпен жұмыс істейтін мамандар шетелде тәжірибеден өткен.

Андрей Гайдай, облыстық Перинаталдық орталығы директорының орынбасары:

- Біз бұрын көздің көру қабілеті күман туғызған нәрестелерді республикалық ана мен бала орталығына жолдаушы едік. Бірақ кейбірінің жағдайы жолды көтере алмайтын деңгейде болады. Жыл басынан бері үш сәбидің күйі солай болғандықтан, санитарлық авиация көмегімен маман жеткізіліп жергілікті жерде ота жасалды. Енді ондай қызметті өзімізде көрсетуге дайынбыз.