Көп балалы отбасы мемлекеттік грант алып, кәсіп ашқан – Түкістан облысы

Қарбыз өсіріп, табысқа кенелді. Түркістан облысының Бәйдібек ауданында көпбалалы отбасы мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып, бақша дақылын егіп, тұрмысын түзеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін жұмыссыз жүрген ерлі-зайыптылар өткен жылы мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, қауын-қарбыз өсіруді қолға алған. Ерлі-зайыпты Есенғали мен Жанар жаз шықса болды күндіз-түні алқап басында. Еңбек еткен адамның несібесі артатынын олар жақсы біледі. Себебі бұған дейін екеуі де жұмыссыз болды. Бес баланы жеткізудің оңай емес екенін жақсы түсінеді. Өткен жылы «Бизнес бастау» бағдарламасына қатысып, 583 мың теңге көлеміндегі грантқа ие болды. Сөйтіп үш жарым гектарға қауын-қарбыз егіп, одан 150 тонна өнім алды. Тапқан табысын үнемдеп, биыл егістік көлемін 4 гектарға ұлғайтты. Тек қауын-қарбыз ғана емес, бақша және мал азығы дақылдарын да еккен. Отбасылық кәсіп болғандықтан балаларын да еңбекке баулиды.

Жандос Жұмабек, тілші:

Қазір Түркістан облысының оңтүстік аудандары – Шардара, Жетісай, Мақтааралда қарбыз дақылы толық пісіп, аяқталуға жақын. Ал ауа райы ерекше, таулы аймақта орналасқан Бәйдібек ауданында қарбыз дақылы енді пісіп жатыр. Әрі бұл дақылға ешқандай химиялық қоспа қосылмаған, таза табиғи жолмен піскен. Сондықтан дәмі тіл үйіретін қарбызға сұраныс та көп.

Есенғали Алтаев, Шақпақ елді мекенінің тұрғыны:

Сұраныс жақсы. Осы Бәйдібек ауданына, Шаянға өткіземіз. Мына жерде Алғабас елді мекенінде тұрамын өзім, ауылымды қамтамасыз етемін. Жан-жақтан басынан келіп алып кететіндер бар. Қазір шамалы қарбыздың бағасы көтеріліп, дұрыстау болып қалды. Келісін 70-80 теңгеден сатып жатырмыз.

Бәйдібек аудандық жұмыспен қамту орталығы мамандарының мәліметінше, «Бастау бизнес» бағдарламасымен 184 азамат оқып, оның 80-і қайтарымсыз грантқа ие болған.

Болат Алшымбаев, аудандық жұмыспен қамту орталығы директорының м. а:

– 2021-2025 жылдар кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жоба шеңберінде биылғы жылы 70 азаматқа мемлекеттік грант беру көзделген. Қазіргі таңда 10 адам грант алды. Грант алушылардың басым көпшілігі сұлулық салоны, құрылыс өнімдерін шығару, тігін шеберханасын ашу, жылыжай, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы бар, осы бағыттармен көбі грант алып жатыр.

Қазір кәсіптің көзін тапқандар ауылдық жерлерде де көп. Бірақ тепсе, темір үзетін, алайда «жұмыс жоқ» деген желеумен өзін ақтап алғысы келетіндер де бар. Жанын қинамай, оңай жолмен олжалы болғысы келетіндерге Есенғали мен Жанардың осы еңбегі үлгі болары анық.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш