Ақтөбеліктер фонтандардың жиі істен шығуына шағымданды

Ақтөбеде бірқатар фонтанның жиі істен шығуы тұрғындардың шағымын тудыра бастады. Жұртшылық аптап ыстық пен шаң-тозаңнан құтылудың жолын іздегенде салқын леп беретін жерлердің қалмай бара жатқанын айтып налиды. Белгілі болғандай, қазір қаладағы 23 су бұрқағының 8-і істемей тұр. Ал оларды жөндейтін мердігер мекемені іздеу жаздың соңғы айында ғана қолға алынып отыр.

Дальдара Ситдыкова облыстық филармония маңында орналасқан су бұрқағын бала күнінен біледі. Жеткіншек шағының біраз жарқын сәті де осында өткен. Жиегіндегі орындықтардың қашанда қарт кісілерден босамағаны да жадында. Ал қазіргі көрінісіне қарап көңілі түседі. Биылдыққа іске қосылмаған су бұрқағының табаны кеуіп, кірпіштері үгітіле бастаған.   

Дальдара Ситдыкова, қала тұрғыны:

- Жұмыс істемей тұрғанына бірнеше жыл болды. Бұрын жақсы еді, су шашып, айналасында құстар да көп болатын. Қазір мүлде тоқтап тұр. Ыстық кезде келіп, жанында тыныққың келеді. Алайда жағдайын көріп көңілің түседі.

Бұл  ауданда бірнеше су бұрқағы болғанымен қазір ешқайсысы істемейді. Дәл осындай көрініс қаланың бірнеше мөлтек ауданында кездеседі. Ал қаланың 140 жылдығына орай салынған сулы-жасылды бульвардағы екі субұрқағының бірі тоқтап тұр. Тұрғындардың көп шоғырланатын орындарындағы көріністің осындай болуы ақтөбеліктердің көңілін түсірген. Әсіресе аптақ ыстықта жан сая табатын жердің аз екенін айтады.   

БЛИЦ: 

- Болса жақсы маған. Келем, кетем. балалар түсіп отырады. Қарап отырамыз.

Бұл жерде негізінен зауыт жұмысшылары, зейнеткерлер келіп отырады. Ал субұрқақтар әлі істемей тұр. Міне тамыз болды, жаз бітті. Сонда қашан қосылады? 

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Су бұрқақтарға қатысты мәселе Ақтөбеде соңғы жылдары жиі айтылып келеді. Әсіресе жаз айларында істемей қалуы тұрғындардың шағымын туғызып жүр. Қазірдің өзінде қала аумағында бар 23 су бұрқағының 8 жұмыс жасамайды.

Жауапты мекеме өкілдерінің айтуынша, 8 субұрқақтың істен шығу себебі әртүрлі. Бірінің табаны тозып, су тұрмаса, енді бірінің жерасты тұрбалары мен су сору құрылғылары тозған. Ал оны жөндеу мәселесі енді ғана қолға алыныпты. Бұл үшін бюджеттен 245 млн теңге қарастырылған. Ал қалыпқа келтіретін мердігер мекеме алдағы бірер аптада белгілі болмақ.

Жомарт Бақыткелді, қалалық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Бұл су бұрқақтарды бәрін қалыпқа келтіріп, биылғы таңда консервацияға қойып, келесі жылы мамыр айында іске қосамыз. Биылғы таңда жөндеу жұмыстарын бітірген соң, оны бастапқы қабылдау алдында оны іске қосып, қарап-тексеріп барлығын өткіземіз.

Қазір жұмыс істеп тұрған қаладағы су бұрқақтар белгілі уақыт бойынша іске қосылып ажыратылады. Ал тоқтап тұрғандары тек келер жылдың көктемінде ғана қосыламақ.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Даутов