Биыл пәтер тонаумен айналысқан 2035 ұры қолға түскен

Елде тіркелген қылмыстық істердің тең жартысы ұрлықпен байланысты. Ал ұрлық деректерінің төрттен бірі пәтер тонауға қатысты.

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне қарағанда жыл басынан бері үй тонаумен айналысқан 2 мыңнан астам сұғанақ қол ұсталды. Сондай-ақ ұйымдасқан екі қылмыстық топтың өкілдері тұтқындалды. Мәселен, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының аумағында 70 пәтерді тонаған топ анықталды. Екі әйел мен екі ер азаматты тінту кезінде 52 дана зергерлік бұйым, есік терезені бұзуға арналған құрылғылар анықталды. Олардың пәтер иелеріне келтірген жалпы шығыны 100 миллион теңгеге жуықтайды. Криминалды полиция департаментінің өкілінің айтуынша бүгінде елдегі аулаларда 68 мың видеокамера орнатылған. Сондай-ақ тонауға түскендерге жазаны қатаңдату үшін ұрлық жасау ауыр қылмыстың қатарына қосылып, ол үшін қамау мерзімі жеті жылға дейін ұзартылды.

Сағындық Жантеміров, ҚР ІІМ криминалды полиция департаментінің өкілі:

- Бес жыл ішінде пәтер тонау қылмысы 33 процентке азайды. Мәселен, 2017 жылы 37 мың дерек тіркелсе былтыр 12 мыға дейін азайды. Биыл да 4,4 процентке қысқарғанын байқап отырмыз. Сондай-ақ қылмысты ашу көрсеткіші 5,6 процентке көбейді. Қазір қылмыскерлер жаңа технологияны пайдаланып, түрлі айла амалға барады. Сондықтан тұрғындар барынша сақ болғаны жөн.