Коронавирус пандемиясынан ең қатты зардап шеккен туризм саласы қайта жандана бастады

Алайда сектор жаңа қиындықтарға тап болды. Бұл маман тапшылығы. Тиісті проблема туралы Италия мен Франция билігі хабарлайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұмысшылардың жетіспеуі – Финляндия мен Польша үшін де өзекте мәселе.

- Жұлдыз, Финляндия мен Польшада да мамандар тапшылығына коронавирус себеп пе?

-Жоқ, Азамат, оған Укркаинадағы шиеленіс себеп. Бұл туралы Шартарап айдарында рет-ретімен айтамын.

ГЕРМАНИЯДА ЖАС МАМАН ЖЕТПЕЙДІ

Басқа елдермен салыстырғанда, жұмыс күшінің тапшылығы Германияда өткір сезіліп отыр. Мұнда өнеркәсіптен бастап денсаулық сақтау саласына дейін маман жетіспейді. Сауалнамаға қатысқан компаниялардың 56 проценті тиісті проблеманың барын айтады. Мәселе мынада. Елде бала туу көрсеткіші төмен. Қартайған мамандар зейнетке шығып, олардың орнын басатын жастар аз. Бұл мәселені шешу үшін көп компания білімі жоқ адамдарды алып, оларды жұмыс орнында оқып-үйретуге мәжбүр. Сондай-ақ билік көші-қон заңнамасын өзгертпек. Сөйтіп мигранттарды көптеп жұмысқа тартуға ниетті. Жұмыс күшінің тапшылығы қатты байқалып отырған салалардың қатарында заң, салық, қызмет көрсету және өнеркәсіп секторлары бар. Баварияда мұғалімдердің жетіспеушілігі үлкен проблемаға айналып барады. Авиацияда да осы мәселеге байланысты көп қиындық туындаған. Германияның ұлттық әуе тасымалдаушысы Люфтганза маман тапшылығы кесірінен жазда мыңдаған рейсті кейінге қалдырған еді. Бүгінде өзге елдер де ұшқыштар мен бортсеріктердің жетіспей жатқанын хабарлайды.

Майкл Саков, Пердью университеті авиация және көлік технологиялары мектебінің профессоры:

- Авиация саласында мамандар тапшылығының туындуына бірнеше фактор бар. Бұл жаһандық рецессия және коронавирус пандемиясы. Салдарынан қызметкерлер зейнетке ерте шығып жатыр. Ал біздің секторда жаңа мамандарды даярлау көп қаржыны қажет етеді. Өзге салаға қарағанда уақыт та көп кетеді. Өздеріңіз білетіндей, қазір әуе тасымалдары пандемияға дейінгі көрсеткіштерге жақындап қалды. Сондықтан сектордағы жұмыс күшінің тапшылығы одан бетер ушыға түседі деген болжам бар.