Құжаты жоқ баспана

Елордада жауыр болған бір мәселе бар. Тұрғын үй алу һәм оның құжатын реттеу. Елорданың жүзден астам тұрғыны осындай қиындыққа тап болды. Үлескерлер 2008 жылы құрылыс компаниясына толық қаражатын төлеп, пәтер алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көп күтсе де, кілтін де қолдарына тигізген. Енді пәтерлерінің заңды құжатын ала алмай жүр. Себебі құрылыс компаниясы рұқсат етілмеген жерге үй салған болып шықты.

Алмагүл Әжіғұлова, қала тұрғыны:

- Тоқтарды ашық қалдырып кеткен. Бір екі баланы тоқ соқты. Сондай қиын жағдаймен ақырын істеп жатыр. Бірақ біздің мәселе шешімін тапқан жоқ. Әлі үйдің құжаты жоқ. Кісілер тұрамыз. Білмейміз не істеу керек.

Алқам-салқамы шығатын жөні бар. Жауапты құрылыс компаниясы банкротқа ұшырап,  істі соңына дейін жеткізбеген. Толық бітпеген үйге тұрғындар кіріп алыпты. Басқа амал болмаған. Енді әкімдік өкілдері үйдің құжатын рәсімдеуге көмектессе деген тілектері бар. Бүгін тұрғындардың уәжін тыңдауға маман келді.

Шапағат Таупықов, қалалық Орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазір жер учаскесі бойынша құжаттар жиналуда. Ол құжат қалалық әкімдікте қарастырылуда. Нақты уақытын айта алмаймын. Енід ол заңды түрде барлық этаптан өту керек.

Әкімдік өкілі Жағалау-3 тұрғын үй кешені орналасқан жер телімінде кілтипан барын айтады. Енді құжаттарды заңдық тұрғыда реттеуге уақыт керек. Дегенмен біз мәселенің мәнісін заңгерден сұрап білдік.

Серік Беркамалов, заңгер:

- Үлескерлердің сотқа жүгінуге құқығы бар. Мүлікті тыйым салудан босату туралы талап қоюларына болады. Сондай-ақ бұл іске тіркеуші орган - қаланың Әділет департаменті тартылады. Көбіне үлескерлердің пайдасына сот бұл тыйымдарды алып тастау туралы шешім шығарады. Бірақ іс ұзақ қаралуы мүмкін.

 

Жергілікті билік өкілдері сергелдеңге түскен тұрғындарға көмектесуден қашып отырған жоқ. Тек барлығы уақытқа келіп тіреледі. Сондықтан сабыр сақтап, әліптің артын баққаннан басқа амал жоқ.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Диас Қобланбаев