Құпияға толы қола дәуірі

Эмма Усманова Жоғарғы Тобыл аумағына осымен бесінші рет сапарға шығып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Археологтың мақсаты Андронов мәдениетінен қалған қорымдарды соңына дейін зерттеу. Шілде айынан бергі нәтиже ауыз толтырып айтарлықтай. Мысалы Новоильинов елді мекені маңындағы қорымдардан көне Батыс Еуропа мен дала тайпаларының ұтқырлық әрекетін растайтын дәлел-айғақтар табылған. 

Эмма Усманова, археолог:

- Өте сирек кездесетін мегалит мәдениетіне тап болып жатырмыз. Яғни қорымдар таспен бітелген. Тайпалар оны жақын маңайдағы карьерлерден тасып әкелген. Бұл қажырлы еңбек. Олар бір орында отырмай, үнемі қозғалыста болған. Қабірлерде түрлі металдар, әшекей бұйымдар табылып жатыр. Бірақ көбі тоналған. Бұны тайпалар салт бойынша өздері жасаған деген болжам бар.

Ерте темір дәуіріндегі сарматтардың қорымдары да археологтардың қызығушылығын тудырды. Олар Орынбор аумағына өткенде қайтыс болғандарды осы жерде қалдырған. Қабірлерді ашық-шашық емес, айнала ор қазып қоршау арқылы қорғаныс ретінде пайдаланған.        

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

-   Қазір 10-нан аса қорым зерттелу үстінде. Археологиялық қазба жұмыстарына волонтерлер де тартылған. Осылайша жастар тамыры терең тарихпен танысу мүмкіндігіне ие. Жалпы зерттеушілерге көмек білдіремін деушілер қатары әлі де арта түспек. Мысалы тамыз айының соңына қарай Самарқанд және Ресейдің бірқатар облысынан волонтерлер келеді деп жоспарланған.

Артем Якимов Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімінен келген. Оның жұмысы топырақты зерттеп қорымдардың жасын анықтауға негізделеді. 

Артем Якимов, Жер криосферасы институтының жетекші ғылыми қызметкері:

- Бұл жерде әр дәуірдің қорғаны бар. Сирек құбылыс дер едім. Бізге ескерткіштердің жасын, жылдың қандай мезгілінде пайда болғанын анықтау қиынға соқпайды.

Негізі экспедицияға бастапқыда бөлінген қаражат жеткіліксіз болған. Ал қазір шығынның бір бөлігі жомарт жандардың арқасында өтеліп жатыр. Олардың көмегімен жарты миллион теңгедей жиналыпты. Археологиялық қазба жұмыстары қыркүйек айына дейін толық аяқталуы тиіс.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг