Smart city: Қызылорда «ақылды қалаға» айналмады

2 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалып, Smart city жобасы жүзеге асырылғанымен, Қызылорда «ақылды қалаға» айналмады. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің тұрғындармен өткен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Коммуналдық және авариялық қызметтердің бірыңғай жүйеге бірігіп, төлем қабылдауы автоматтандырылғанымен жағдай түзелмеген. Сондай-ақ қоғамдық көлікке енгізілген цифрлық қондырғылар да өз деңгейінде қызмет атқармайды екен. Осы және өзге де мәселелерді тізбектеп түртіп алған министр жалпы салаға кешенді тексеру жүргізілетіндігін жеткізді. Цифрландыру деген желеумен құрылып, халықты әуре-сарсаңға салып қойған жобаны бірі – Damumed. Қағазбастылықтан арыламыз деген мамандар тұрғындардың медициналық мұрағатынан айырылып қалды. Электронды тіркеліп, жеке куәлікпен ғана емдеу мекемесіне барамыз деген қызылордалықтар бума-бума қағаз құшақтап әлі жүр. 

Ләззат Бақтыбаева, қала тұрғыны:

– Дамумедтің ішінде барлық мәлімет тұру керек. Азаматтар бұрын медициналық карта ұстап жүретінбіз кітапша қылып, содан бас тартқан болатын. Қазіргі күнде ол мәліметтер не архивте жоқ, не Дамумедтің базасында жоқ. Яғни бұған дейінгі ауру-сырқауларыңызды тауып алу мүмкін емес болып отыр осы Дамумедтің кесірінен. Бүкіл МРТ, рентген қағаздарымызды қолға ұстап алып жүреміз әлі күнге дейін. Бұл ХХІ ғасырдағы Қызылорда облысының цифрландыруы.  

Бағдат Мусин, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

– Жалпы еговтың ішінде денсаулық үшін деген бөлімшені жасап қоямыз. Сол бөлімше ішінде анализдер, клиника-диагностикалық деректер, рентген, рецептер, дәрі-дәрмектер соны түгелдей еговқа жүктейтін боламыз. Барлық керекті ақпарат Егов қосымшасының ішінде болады.

Жолсыз шалғай елді мекені көп аймақта интернет сапасы нашар. Ғаламторға қолжетімділіктің төмендігі оқу-ағарту саласына теріс әсер етіп, әсіресе ауыл балалары сапалы білімнен қағылып отыр. Дегенмен өңірді толық интернетпен қамту үлкен қаржыны талап етеді.     

Бағдат Мусин, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

– Сол қомақты қаражатты бөлуді біз операторларға сүйенсек, қазір әкімдіккке де рұқсат беріп қойдық заңнамада. Яғни әкімдіктер өз бюджетінің қаражатынан көмек ретінде өзіміз электр қуатын тартамыз, антенна құрамыз деген ынта болса, атсалысып бізге көмек бере алады. Өйткені операторлар әр ауылға жетемін дегенше бірталай уақыт өтеді. Сондықтан бірігіп жұмыс істеу керек.

Евгений Демиденко, қала тұрғыны:

Аудандарға интернет алып келген кезде жалғыз байланысқа емес, біраз талантты оқушылардың пайда болуына да үлес қосатынына сенімдімін. Себебі интернет деген жалғыз месенджер емес, интернет деген бір-бірімізбен білім мен тәжірибені бөлісу платформасы деп айтуға болады.

Цифрлық даму министрі Сыр өңіріндегі сапары аясында №3 қалалық емханасын да аралап көрді. Ведомство басшысына пациент ауруының тарихын бірнеше дәрігердің бір жүйеден көріп, нақты диагноз қоюға мүмкіндік беретін маммографиялық аппарат таныстырылды. Бұдан кейін Бағдат Мусин 6 айда 22 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген цифрлық кеңсеге барды. Министрдің сапары Байқоңыр кешенінде жалғасады.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев