Ақтөбеде қауіпті химиялық канцероген ашық аспан астында шашылып жатыр

Ақтөбелік эко-белсенділер тұрғындардың 6 валентті хроммен уланып жатқанын айтып дабыл қағып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаһардың өндірістік аумағын зерттеген еріктілер, оның топырақ құрамындағы мөлшері рұқсат етілген көрсеткіштен 100 есе көп екендігін анықтаған. Ақмарал Құсанова мен Айна Әбілқасымова Ақтөбенің бұл тұсына жиі келеді. Әдетте қара түтінді будақтатып өндірістік қалдықтарды өртеп жатқан мекемелерді тәртіпке шақырады. Кезекті рейд кезінде экобелсенділер топырағы жасыл-сарғылт тартқан жерге кезіккен. Табиғи түстен ерек болғандықтан сынамасын алып, құрамын зерттеуге тапсырыпты.

Ақмарал Құсанова, қала тұрғыны:

Сараптама нәтижесінен жағамызды ұстадық. Көрші аумақтағы топырақтың құрамында 6 валентті хром 4,6 есе көп. Ал қалдықтар сақталған орынды жарты метр қазғанда 6 валентті хромның рұқсат етілген мөлшерден 104 есе артық екендігі анықталды. Бұл өте қауіпті канцероген. Көптеген дертке себепші болады. Оның ішінде онкологиялық аурулар да бар. 

Ақтөбе төңірегінде мұндай үш орын анықталған. Барлығында да бұған дейін жергілікті зауыт өндірісінің қалдықтары сақталыпты. Екі жыл бұрын толықтай тазалау туралы сот шешімі шыққан. Қапшықтар көзден таса болғанымен төгілген химиялық канцероген айналаға түгел шашылған.

Айна Әбілқасымова, қала тұрғыны:

Толғандыратын басты мәселенің бірі жер асты суларының жайы. Интернет бетіндегі ақпаратқа сенсек бұл заттардың еруі тез. Сондықтан хром қалдықтары қаншалықты тереңге сіңгендігі белгісіз. Ал, 6-валентті хромның әсері пестицидтер мен радиациялық белсенді заттардан да жоғары екендігі белгілі.

Облыстық экология департаменті осыдан екі жыл бұрын қоршаған ортаның ластануына байланысты 50 млн теңгеден астам айыппұл салған. Бұл шешіммен келіспеген зауыт сотқа да жүгініпті. Бірақ шешім өзгеріссіз қалды. Мемлекет қазынасына төлем жасалып, қауіпті қалдықтарды жою міндеттелген.

Талап Уснадин, облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:

– 2021 жылы комиссия тексеріп, қалдықтар толықтай шығарылғандығы туралы акт жасалған. Бәлкім химиялық заттар топыраққа төгілген болуы мүмкін. Қазір зауыт қайтадан тасуға кірісті. Өндіріс басшылығы бұл жұмысты мүмкіндігінше тез бітіреміз деп сендірді.

 

Зауыт өкілдері қауіпті қалдықтарды мердігер мекеме тасыды деп отыр. Екеуара келісімшарт жасалып, өндірістен шыққан шаң-тозаңды сырттан келген компания жоюы тиіс болатын. Алайда олар адам ағзасы мен қоршаған ортаға зияны мол заттарды заң талабына сай зарарсыздандырудың орнына өндірістік аумаққа апарып тастай салған. Ендігі бұл міндетті зауыттың өзі мойнына алып отыр.

Светлана Мащенко, зауыттың бас экологы:

– Біз жер қойнауын қолданушы ретінде тағы бір мәрте тазалап шығу керек деп шештік. Ол жерде өндіріс қалдығы болсын, өзге де заттар болсын зауыттың шлам сақталатын аумағына жеткізіледі. Біздің мекеме топырақты қалпына келтіруді де мойнына алды. Бірнеше метр қазып алып, орнына құнарлы топырақ жеткіземіз. Содан кейін қиыршық таспен тегістеледі.

Әзірге қауіпті қалдықтарды тиеген жүк көліктері шаһардың өндірістік аумағын шарлап зауытқа тасып жүр. Шанағынан ұшқан шаң-тозаңнан қатердің бар-жоғын экологтар да, зауыт өкілдері де айта алмады. Белгілісі улы зат төгілген орын алдағы бірнеше апта ішінде тазартылуы тиіс.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков