Елімізде биыл 34 мың орынға арналған 322 балабақша ашылады

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Білімді ұлт» сапалы білім беру ұлттық жобасын іске асыру үшін жұмыс жүргізілуде. Балабақша, мектеп, колледж және қосымша білім деңгейлері бойынша 12 көрсеткішке жету және 20 іс-шара орындау қарастырылған. Былтырғы іс-шаралар 100% орындалды. 10 көрсеткіштің 9-ына 100% орындалды. Осы жылдың алты айы бойынша да жұмыс жоспарға сәйкес жүргізілуде», – деді министр. Оның дерегінше, былтыр 534 балабақша ашылып, 47 мың орын пайдалануға берілді. Нәтижесінде 2-6 жастағы балаларды қамту 88,4 процентті, ал 3-6 жастағы балаларды қамту 99 процент болды. «Яғни, республикалық көрсеткішке жеттік. Алайда алты облыс өздерінің жоспарларын толық орындамады. Мысалы, былтыр Алматы облысында балабақшаларда 14 мыңнан астам орын, ал Алматы қаласында бес мыңнан астам орын ашылса, ал осы облысқа ұқсас, адам көп шоғырланған Түркістан және Қызылорда облыстарында тек бір мыңға жуық орын ғана пайдалануға берілген. Министрдің айтуынша, бұл жеткіліксіз. Басқа облыстардың жоспардан тыс қосымша орын ашуының, мысалы Шымкент қаласының 170%-ке, Жамбыл облысының 120%-ке орындауының арқасында республикалық көрсеткішке 100% жеткен. «Осы жылдың соңына дейін 34 мың орынға арналған 322 балабақшаны ашу жоспарлауда. Алғашқы алты айдың қорытындысында 12 900 орынға 140 балабақша ашылды. Әкімдіктерден осы бағыттағы жұмысты белсенді жүргізуді сұраймын», – деді Асхат Аймағамбетов.