476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Жерімізден ұшқан Иран спутнигінің мақсаты не?

  • 183
  • UPD: 20:22, 09.08.2022

Байқоңырдан ирандық жерсерік ұшырылды. Ресей мамандары құрастырған космоқұрылғы ауыл шаруашылығы мен жерасты ресурстарын пайдалану саласын зерттейді. Сонымен қатар иран ғалымдары осы жерсерік арқылы табиғи және экологиялық апаттардың алдын алу бойынша мәлімет алып отырмақ.

12-ғасырда өмір сүрген парсылық математиктің құрметіне орай «Хайям» деп атау берілген жерсерік жер кіндігі Байқоңырдан сәтті ұшырылды. Негізгі жүктен бөлек қосымша 16 ғарыш аппаратын аспан әлеміне орналастыратын құрылғы орбитаға шыққасын ирандық мамандардың басқаруына өтеді. Қазақ жеріндегі озық технологиялық прогреспен танысуға болашақ ғалымдар да арнайы қатыстырылды. Ғылыми жоба жүлдегерлері алып кеменің кеңістікке самғаған сәтін тамашалады.     

Мейірлан Ақжол, ғылыми жобалар байқауының жүлдегері:

- «Космос және жер» секциясы, яғни зымыранға қатысы бар жобамда ұшу аппараттары туралы қорғағанмын. Бұл маған қызық және өз көзіммен көргеніме қуаныштымын.  

Камила Жұмабаева, ғылыми жобалар байқауының жүлдегері:

- Менің ғылыми жобам адамзаттың болашақта басқа ғаламшарда өмір сүруге мүмкіндіктерінің технология жақтарын көрсеткенмін. Осы тақырып маған өте қызықты. Осы мүмкіндік маған болашақта осы саланы өз елімде дамытуға мотивация берді. Менің арманым еді. 

Болашағын ғылыммен байланыстыратын дарынды жастар сала министрімен кездесіп, аэроғарыш саласындағы соңғы жаңалықтар жөнінде мағлұматқа қанықты.    

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыштық өнеркәсібі министрі: 

- 2030 жылға дейін өзіміздің жеңіл класты зымыран құрастыру идеясы бар. Сол идеяға атсалысып, күш-жігерімізді саламыз дегендеріңіз бар болса, қош келдіңіздер.  

Жас ғалымдарға сондай-ақ ғарышты игерудегі отандық жобалар таныстырылып, «Бәйтерек» кешенін аралап көруге мүмкіндік берілді.    

Қамбар Бекенов, тілші:

- 1971 жылы пайдалануға берілген құрастыру және сынақтан өткізу кешені қазір Қазақстанның қарамағына өткен. Мұнда отандық ғалымдар Союз-5 зымыранын құрастыруға кірісіп жатыр. Қазақстандық зымыран тасығыш «Бәйтерек» ұшу алаңынан 2025 жылы көк сеңгірге самғайды деп жоспарланып отыр. 

Бұрын Ресейге қараған ұшу алаңдары да біртіндеп Қазғарыш мекемесінің теңгеріміне беріліп жатыр. Соның бірі Зенит ТМ кешені.

Қамбар Бекенов, тілші:

 - Мынау біз тұрған 45-ұшу алаңынан алғашқы Зенит зымыраны сонау 1985 жылы көкке көтерілген екен. Ал соңғысы 2017 жылдың желтоқсанында ұшырылыпты. Қазір бұл аумақта Қазақстанның еншісіне беріліп, жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс 2024 жылы аяқталады. Сол кезде Қазақстанның жаңа ғарыштық дәуірі басталады. 

Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Хабар 24 телеарнасы