Қарағандыда мүгедек жандарды санаторийге апаратын көмекшілерге бір реттік өтемақы төленеді

Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі жандарды санаторийлік емдеуге апаратын көмекшілерге бір реттік өтемақы төленеді. Бұл іске Сыбайлас жеқорлыққа қарсы қызмет араласқан. Ал бұған дейін көмекшілер өз қаржысына жүруге мәжбүр болған. Бұдан бөлек енді курорттық емдеуге баратын жандар бұрынғыдай медициналық куәландырудан екі қайтара өтпейді.

Раиса Корякина осыдан 6 жыл бұрын миына қан шапқаннан кейін 1-топтағы мүгедектер санатына өткен. Қазір жылына бірнеше мәрте реабилитациялық оңалтудан өтіп тұруы керек. Денесінің жартысына жуығының қимыл-әрекеті қиындық тудырғандықтан көмекші ауадай қажет. Бірақ осыған дейін олардың қызметі төленбейтін еді.

Раиса Корякина, қала тұрғыны:

- Жолда жалғыз жүру өте қиын. Киім салынған чемодан бар, оны көтеріп жүру керек. Тіпті купеге отырсаң да төсегіңді сала алмайсың. Күнің басқа адамға қарағаннан кейін жағдайың да түсінікті ғой. Бір қолыммен ештеңе істей алмайтынмын. Енді көмекшімді алып жүретін мүмкіндік туды. Бұл өте үлкен көмек.

Атап өткен жөн, көмекшіге берілетін өтемақы пилоттық жоба ретінде тек Павлодар, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларында ғана қуатты. Өзге өңірлерге енгізу үшін қолданыстағы заң өзгеруі тиіс. Мысалы, биыл  33 көмекші шамамен 5 млн теңге көлемінде тиісті қаржысын алған.

Ермек Нүкісов, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

- Биылғы жылдан бастап еңбек және халықты әлеуметті қорғау министрлігі ұсынысымен депутаттар бекіте отырып, мүгедектігі бар балалардың ата-анасына курортты санаторийдің 70 пайызын өтеу жөнінде заңына тиісті өзгеріс енгізілді. Ал 1-топ мүгедектеріне тиісті өзгерту енгізілген жоқ. Бірақ тиісті ұсыныстар жіберілген болатын. 

Бұрын реабилитацияға бару үшін 2 мәрте медициналық куәләндірудан өту керек болған. Осы кезде бармақ басты көз қысты әрекеттер көбейген. Мысалы, Қарағанды облысында соңғы 5 жылда халықты әлеуметтік қорғау саласында 25 қылмыстық іс қозғалған. Салдарынан 11 адам жауапкершілікке тартылған. 

Арслан Мыңғышев,  СЖҚІҚА облыстық департамент басшысының орынбасары:

- Негізінен қылмыстық істің барлығы мүгедектерге группа беру мәселесі, созу мәселесі бойынша анықталған. Қарағанды облысы бойынша еңбек департаменті қызметкерлері тіптен мүгедектердің мерзімін заңсыз созып, 200 мың теңгеге дейін заңсыз сыйақы алған.

Атап өткен жөн, өткен жылы 117 бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандардың көмекшісіне әлеуметтік көмек көрсетілген.  Сондай-ақ  мүгедектігі бар 21 баланың ата-анасына жәрдем беріліпті.  Оның жалпы сомасы 14 миллион теңгені құраған. Айта кетейік, облыста 24 мыңға жуық ерекше күтімді қажет ететін адам тұрады.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар