Алматыда мембағдарлама бойынша салынған үйде ауыз су жоқ

Алматыдағы мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған «Алма сити 5» тұрғын үй кешенінде ауыз су жоқ. Тұрғындар тіршілік нәрін сырттан тасып ішеді. Ал проблема бұл ғана емес.

Мынау екі күн бұрын түсірілген бейнежазба. «Алма сити 5» тұрғын үй кешеніндегі 31-үйде ыстық судың құбыры жарылып, жертөле суға толған. Мұндай жағдай жиі қайталанады екен. Жауапты мамандар суды уақытылы сорғызып алуға асықпайды. Түсіру тобының келетінін естіген соң ғана іске кіріскен. Тазалықтан ада аула мен шынысы сынған пластик есіктер тұрғын үй кешенінің қараусыз екенін көрсетіп тұр. 

Қарақат Талғатова, қала тұрғыны:

- Ешқандай адам келмеді, өзіміз ана жерден өшірдік. Ертесінде сантехник келді, суды сорған жоқ. Сол күйі жатыр. Қазір көрсете аламын, су сасып жатыр, ішінде застройщиктің мусоры жатыр. 

Гүлбану Оразбекова, көп балалы ана:

- Алма ситидан ақ арманыммен келгенмін, бір жыл жүгіріп жүріп, ипотечный үй алғанмын. «Бақытты отбасы» бағдарламасымен балалардың несібесіне алғанбыз. Қандай жақсы ақ арманмен келгенбіз, бірақ қазір жағдайды көріп жүрегім ауырады. Түнгі сағат 1-ден кейін су келеді. Түнгі бірден кейін балаларды шомылдыруымыз керек. Шомылдырайын десең арғы көршіден сарылдап естіледі дауысы.

Ең сорақысы, бір жыл бұрын пайдалануға берілген тұрғын үй кешенінде ауыз су жоқ. Төменгі қабатта тұратындар құбырдан сыздықтаған суды қанағат тұтуға мәжбүр. Ал жоғарғы қабаттағылар суды тасып ішеді. Айта кетейік, бұл пәтерлер «Шаңырақ», «Бақытты отбасы» бағдарламалары бойынша кезекте тұрған көп балалы отбасылар, жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілген. 

Гүлбану Оразбекова, көп балалы ана:

- Адамда ауыз су болмағаннан кейін тіршілік жоқ қой. Біз тегін алған жоқпыз ғой үйді.  Қандай еңбекпен аузымыздан жырып, 16 жылға алып отырмын мен ипотекамды. 001343 Шаңырақпен алғандар 150 мың төлейді, мен 70 мың төлеймін. Ай сайын.

Ауыз су мардымсыз болса да, жергілікті шенеуніктер, «жоқтан жақсы ғой» дегендей сыңай танытты. Тіпті аудандық коммуналдық қызмет бөлімінің маманы тұрғындармен бәстесуге дайын.  

- Бесінші этажда жоқ білемін, бірінші этажда ақса не істейміз?

- Сонда 5-этажда тұратындар адам емес па не?

- Вообще су жоқ деп айтпасаңыздаршы.

- Жоқ су.

- Бар су.

Тұрғындардың ашынуына негіз жоқ емес. Кешенде 2 жерде ғана қоқыс тастайтын орын бар. Оның өзі үйдің дәл жанында. Аула да, подъезд де тазаланбайды. Шынысы сынған пластик есіктерге балалар бір жерін жарақаттай ма деп қорқамыз, дейді тұрғындар. Ал үйді күтіп ұстау міндетін алған пәтер иелері кооперативі еш әрекетсіз. Айтпақшы тұрғындар түбіртектегі «Тұрғын үйді ұстау шығыны» үшін ай сайын шаршы метріне 52 теңге төлейді. Бірақ лайықты қызмет көрсетілмейді. Ал аудан әкімдігі мәселені шешуге қауқарсыз. 

Өркен Қодаров, Наурызбай аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

- Аудан әкімшілігі ретінде бұл жерде көп сұрақтың біз жауабын тауып бере алмаймыз. Гарантия ол мына құрылыс салу застройщик дейді ғой, соның өзінің гарантиялары бар. Жаңа сіз айтып отысыз ғой, төбеден су ағып жатыр, астынан су ағып жатыр дегеннің бәрі кепілдік өзінің 5 жылдық инженерлік және үйдің құрылысына кепілдіктері бар.

Аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының айтуынша, қазіргі уақытта тұрғын үй кешенін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 5 ұңғыма бұрғыланып біткен. Енді 1-1,5 айдан соң су беріледі. Алайда шыдамы таусылған тұрғындар бұл уәде де желге ұшады деп отыр. 

Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов