476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Алматыдағы еменнің үңгі егеушісі қауіп төндіріп тұр

  • 161
  • UPD: 09:14, 10.08.2022

Алматыдағы ең кәрі еменнің жасы 300 жылдан асады, деп хабарлайды «Хабар 24».

3 ғасырдан бері жайқалып желді күні пана, ыстықта сая болған алып ағаш қазір номері 109-балабақшаның аумағында тұр. Күтімі жақсы болса емен ағашы мың жылға дейін жасайды екен. Бірақ еменге төнген қауіп күшейсе бұл да қурап кетуі мүмкін. «Еменнің үңгі егеушісі» жапырақты жеп тастайды. Зиянкес 2013-2015 жылдары қырғыз елінде пайда болған. Содан кейін 2017 жылы Алматыда анықталып, 5 жылда қаланың қызыл кітапқа кірген емендерін біраз зақымдап үлгеріпті. Арнайы институт пен қала әкімдігі бірлесіп, 5 жылдық тұрақты күресті қолға алған.

Нұрлан Құтыбаев, қалалық Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының қызметкері:

- Бізде жасыл желектерді дәрілеу жұмыстары 4 кезеңнен тұрады. Сәуір айының соңынан басталып, тамыздың соңына дейін жалғасады. Қазір дәрілеу жұмыстары тек түнгі уақытта жүргізіледі. Өйткені, түнгі уақытта әсер ету көрсеткіші жоғары. Негізінен биологиялық дәрілер пайдаланылады. Аз мөлшерде қауіптілігі төмен химиялық препараттар бар.

Нәтижесінде, қаладағы емен ағашының зақымдану көрсеткіші 15 пайызға дейін азайған. Алайда, зиянкестерді толық жоюға олардың топырақ астындағы өміршеңдігі мен облыс бойынша таралып кетуі кедергі келтіріп отыр. «Қазір Алматы облысындағы емендер түгел зардап шеккен»,-дейді мамандар.

Гүлназ Меңдібаева, «Ж. Жиенбаев атындағы қазақ өсімдік қорғау және карантин» ҒЗИ зертхана меңгерушісі:

- Олар топырақта 5-6 жылға дейін қор болып сақталады да, сондықтан жылда жартысы шығуы мүмкін. Екіден бір бөлігі шығуы мүмкін. Солай шығуына байланысты жылда ерте көктемде олармен күресу шараларын бастау керек. Мамыр айында төрт рет тұрақты мониторинг жүргізіп, қоршаған ортаға келтірмейтін биологиялық препараттар бар, біз оларды қазір қолданып жатырмыз.

Басқа ағаштардыңда бабын жасау керек. Қазір Алматыда 2,8 млн жасыл желек бар. Оның 500 мыңнан астамы әлсіреп, 84 мыңы жарамсыз күйге жеткен. Жалпы ағаштарға қауіпті 30 түрлі зиянкестің 60 проценті шетелден әкелінген. Әр ағашты дәрілеу үшін бюджеттен жылына 42 теңге бөлінеді екен.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы