18 автобус жеке серіктестікке негізсіз берілген

Ақтауда мемлекеттен 40,1 млн теңге жұмсалған 18 автобус жеке серіктестікке негізсіз берілген болып шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құзырлы орган жергілікті әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметіне сыртқы талдау жүргізген. Нәтижесінде кей жобалар бойынша сыбайлас жемқорлық деректері анықталды.

Атап айтсақ, 2019 жылы қоғамдық көлік паркін жаңартуға бюджеттен 216 млн 500 мың теңге қаралған еді. Қала әкімдігі жаңа автобустарды аванстық төлем жасау арқылы сатып алып, 2 компанияға бөліп беруді жоспарлаған. Алайда жолаушы тасымалдаумен мүлдем айналыспаған басқа серіктестікке берілген. Бұдан бөлек аталған компания өз шығындарын өтеу үшін жергілікті бюджеттен 293,4 млн теңге көлемінде субсидия да алған. Бүгінге дейін лизингтік төлем жасамай, берешегі 102 млн теңгеден асқан. Баспасөз жиынында корпорацияның бұрынғы басшысының «Аққу» тұрғын үй кешені, «Полимерлік қаптама шығару зауыты» сияқты басқа да тиімсіз жобаларды қаржыландыруға араласқаны айтылды. 

Қуаныш Мырзағали, ҚР СЖҚІА Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

- Жер беру мәселелері. Мысал үшін аукцион арқылы шығарылуы керек еді. Не болмаса инвестициялық жобаларға берілетін жер учаскелері коммерциялық жобаларға берілген. Автобус паркін жаңалауға байланысты  жобалар да басқа кәсіпкерлерге дайындалып келіп, соңында басқа кәсіпкерге берілген. Талдау қорытындыларын құзырлы мекемелерге жолдадық. Әрбір факті бойынша біз қылмыстық тараптан қараймыз.