476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Бас қаладағы ескі вокзал елеусіз қалды ма

  • 146
  • UPD: 18:27, 10.08.2022

Елордада ескі теміржол вокзалындағы жеделсаты мен эскалатор жарты жылдан бері тоқтап тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан жолаушылар ауыр жүкті тунель арқылы тасуға мәжбүр. Бұл әсіресе қарттар мен жүкті әйелдерге оңай болмай тұр. Ал мәселенің нақты қашан шешілетінін дөп басып айта алатын ешкім жоқ.

Ескі вокзал елеусіз қалды ма? Жүрдек пойызға жетуі мұңға айналған жолаушылар осылай дейді. Ғимараттағы жедел саты мен экскалатор істен шыққалы теміржолдың арғы жағына тек тунель арқылы өтуге болады. Бұл, әсіресе, ауыр жүк асынғандарға қиындық тудыруда. Тіпті қажетті вагонды табу үшін бірнеше сағат ерте келуге тура келеді дейді олар.

Десе де жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруді көздейтіндер басын бәйгеге тігіп, қауіпті аймақпен жүретіндер де бар. Жолдан қалып бара жатқан жолаушыны да тоқтату қиын. Осы фактілер айналып келгенде сол жолаушылардың өздеріне қауіпті. Ал жауаптылар болса, мұндай бейберекетсіздікке ғимаратқа қызмет көрсеткен компаниялар кінәлі деп отыр. Айтуларынша, олар алдымен бір мердігермен келісіп, кейін келісімшартты үзген. Кейін тағы бір компаниямен мәмілеге келіпті. Алайда бұл жолғы әрекет те нәтижесіз болып, шартты бұзуға тура келген. Тек үшінші мердігер іске кіріскен көрінеді.

Нағызхан Тұрсынбаев, «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Ақмола магистральдық желі бөлімшесі» директорының орынбасары:

– Ол кісілер қазіргі таңда перронға шығатын екі эскалаторға ремонт жасап жатыр. Қалғандарының материалдарына тапсырыс жасап жатырмыз. Қашан іске қосылатынын білмейміз, өйткені запчастарының барлығы шетелден алынады. Солардың келуі, растоможкасы бәріне қарайды, биыл қосылады.

Осыдан төрт жыл бұрын ғана вокзалға отандық лифтілер мен эскалаторлар орнатылған. Дәл осындай келеңсіздік алғаш рет болып отыр дейді сала басшылары. Ал жолаушыларға жаңа мекеме жұмысты бітіргенше төзуден басқа амал жоқ.

Авторлары: Бекзат Аманов,  Анель Еділқызы, Ырыстанбек Оспанов

 

Хабар 24 телеарнасы