«Қызыл оба» мазары ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізімне енуі мүмкін – СҚО

Осы өлкені зерттеп жүрген тарихшылар осындай ұсыныс айтып отыр. Биыл қорымнан тас дәуірінен қалған тұрмыстық заттар табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Археологтардың айтуынша, жер астынан шыққан қайқы пышақ, түйреуіш, өркешті пышақ, қайрақтас секілді құралдар ежелгі неолит кезеңінен сыр шертеді. «Қызыл - оба» қорымы 2019 жылы ашылды. Сілеті өзінің бойынан Алтын Орда дәуіріне жататын 7 кесене табылып, ежелгі адамдардың сүйегі көтерілді. Ал, биыл ескерткіш маңынан неолит кезеңінің белгілері анықталып отыр.

Сәуле Рақымжанова, ұлттық музейдің ғылыми қызметкері:

– Бұл жерде осыдан 8 мың жыл бұрын адамдар өмір сүрген. Мына құралдарға қарап, олардың аң аулағанын, тері өңдеп, ағаштан бұйым жасағанын айтуға болады. Енді қазба жұмыстарын жалғастырып, бұл жақты терең зерттеу керек.

Биыл қорымдағы қазба жұмыстары 10 жерде жүргізілді. Археологтар тағы да орта  ғасырларда салынған 3 мазар мен өндірістік пештерге тап болған. «Бұл отырықшылық өмір салты», – дейді тарихшылар. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

– «Қызыл оба» қорымының аумағында бүгінгі таңда 10-нан аса өндірістік пеш табылған. Біз қазір солардың бірінде тұрмыз. Бұл дегеніміз – сол замандағы адамдар кірпіш жасаумен айналысқан. Сондықтан тарихшылар мұнда Алтын Орда дәуірінің қалашығы болуы мүмкін деген болжам айтады.

Тарихшылардың пайымынша, бұл жерде Жошы ханның ұрпақтары жерленген. Мазардан табылған бағалы әшекей бұйымдары мен қару-жарақтар олардың төре болғанын аңғартады. Алтын Орда қонысын халықаралық сарапшылар да мойындап отыр.  

Татьяна Крупа, «Ymai» халықаралық зертханасының меңгерушісі:

– Бұл пештердің көлемін көрдіңіз бе? Бір-біреуінде он-он адамнан жұмыс істеуі мүмкін. Оларға балаларды, әйелдер мен кәрі кісілерді қосыңыз. Сондықтан бұл жерде қоныстың бары айдан анық.

Былтыр «Қызыл оба» қорымында 55 млн теңгеге жабық нысан салынды. Бұл мазарларды қар мен жаңбырдан, шаң-тозаңнан сақтайды. Әрі археологтардың жұмыс істеуіне кедергі келтірмейді.

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

Қазір осы объектіні сақтап қалу үшін, одан әрі дамыту үшін мынау зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін біз музеефикациялау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Міндетті түрде ол одан да көп бір жаңалық болады деп есептейміз.

Келесі жылы қазба жұмыстарына Ұлыбритания елінің археологтары келіп қосылады. Ал тарихшылар тарихи ескерткішті қазірдің өзінде ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізуді ұсынып отыр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев