476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Елордада бүгін нөсер жауыннан кейін көшелер суға толды

  • 166
  • UPD: 21:46, 10.08.2022

Елордалықтар тізеден су кешіп жүр. Бүгін әлсін-әлсін жауын селдетіп, біраз әбігер туғызды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал жұрт көшеде су кешіп жүрсе, әкімдік өкілдері бұл таң қалатын құбылыс емес дейді жайбарақат. Өйткені құрылыс нормасы бойынша қатты нөсерден кейін көшелерді міндетті түрде су басады. Онда тұрған ештеңе жоқ.

Риат Шони, тілші:

– Елорданың сол жағалауы. Биік,әрі көрікті ғимараттар. Шынымен көз тартарлық құбылыс. Ал былай астанамыз құдды бір Венецияға ұқсап кететін сияқты. Бұл көрініс әрине елордалықтар үшін үйреншікті болуы мүмкін. Өйткені жауын жауған сайын астаналықтар осылай толарсақтан су кешіп жүреді.

Нөсер бүгін де астаналықтарды әбігерге салды. Тіпті еліміздің бас мемлекеттік нысаны – Ақ ордаға апаратын жолды да су басты. Жалпы бүгін Тәуелсіздік, Бауыржан Момышұлы, Мәңгілік ел, Шәкәрім Құдайбердіұлы көшелерін су басқан. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, суды сорып алуға 60-тан астам арнайы техника жұмылдырылып, 1 мың текше метр су сорылған. Бірақ министрліктер үйінің алдында 1 сағат жүрген біздің түсірілім тобы бұндай техниканың бірін де байқамады. Ал қатты жауын жауғаннан кейін көшелерді әрдайым су басу – бұл құрылыстық нормаға сай келеді дейді әкімдіктегілер.

Дасқар Мусилов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі нөсер, кәріз және сумен қамту бөлімінің бас маманы:

Ол, иә, құрылыс нормаларына сәйкес сондай норма. Норма дегенде қатты жауын-шашын болған кезде сол 2-4 сағаттың ішінде суды тартуға біздің уақытымыз бар.

Жергілікті билік өкілдеріне сенсек, бұндай жағдай 2025 жылдан кейін мүлдем болмайды. Ол уақытқа дейін жауаптылар барлық кәріздік жүйелерді қалпына келтіріп, жаңаларын салмақ. Осы үшін 9 жоба әзірленіп жатыр.

Авторлары: Риат Шони, Артур Горшняков

Хабар 24 телеарнасы