loader


Ақтөбедегі жол құрылысы қашан аяқталады

Ақтөбенің іргесіндегі Ясный ауылында жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстары тұрғындардың ашуын туғызды. Елді мекен ортасындағы көшеде екі жыл бұрын басталған іс әлі бітер емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал ауыл ішімен оңды-солды жүйткіген жүк көліктері жол атаулыны әбден тоздырып, шаңын шығарды. Енді жұрт таза ауамен тыныстай алмай қалдық деп ашынады. Ал жауапты басқарма өкілдері тұрғындарға әлі бірер ай шыдай тұруын айтып жайбарақат отыр. Гүлжамал Жалғасбаеваның көк шаңнан көз аша алмай отырғанына екі жылға таяп қалды. Себебі ауылдың орталық көшесіндегі жолда жөндеу басталғалы барлық көлік үй алдымен өтетін болған. Салдарынан көтерілген шаң баспанаға да кіріп жатыр. Ал кешқұрым уақытта таза ауамен тыныстау арманға айналыпты.

Гүлжамал Жалғасбаева, Ясный ауылының тұрғыны:

– Фуралар мынау газдың тұрбаларын қозғап кетіп жатыр қайта-қайта. Балаларымыз далаға шығып ойнай алмайды. Қорқамыз жіберуге. Тіптен күн көре алмай қалдық. Форточка деген ашылмайды, есік деген ашылмайды. Мына шаң деген қораға кіріп жатыр.

Көлік қарқыны жоғары көшелерді Ясный ауылының әр жерінен байқауға болады. Кейбірі өте тар болса да, қозғалыс көп. Кабина ішіндегі жүргізушілер мен жолаушылар ыңғайсыздықты сезбегенімен, жиегіндегі үйлерде тұрып жатқан жұрт шаңға тұншығып отыр.. Салдарынан соңғы уақытта бала түгілі, ересектер де далаға шығудан қалған.

Ал жөндеу жұмыстары жүріп жатқан ауылдың орталық көшесінде белсенділік байқалмайды. Арнайы техникалар әр жерде тұр. Белгілі болғандай, бұл «Оңтүстік айналма жолының» бір бөлігі. Жоба осыдан бес жыл бұрын басталса да Ясный елді мекеніне келгенде саябырсып қалғанға ұқсайды. Ауыл ішімен өтетін екі шақырымнан астам жолдың жартысы ғана толық аяқталған. Бұл екі жылға жуық уақытта атқарылған істің нәтижесі. Ал баяу жүріп жатқанын жауапты басқарма өкілдері мердігерлердің әрекетімен байланыстырады.

Айбек Қайыр, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Былтыр мердігерлер өздеріне алған міндеттемелерін орындамаған. Жұмыс демалыссыз жүргізіп отырмыз. Өзіміз де көмектесіп жасақтап отырық. Көп мәселелер шығып жатыр. Тұрғындар наразылық білдіріп жатыр. Қалай болса да, осы тездетіп, асфальт жамылғысын жасап, соған жоспар құрып отырмыз.

Мамандар ауылда жөндеу басталғанда жобада уақытша айналма жол салу қарастырылмағанын айтады. Дегенмен, тұрғындардың пікірін ескеріп, біреуін іске қосқан. Енді жұмысты толықтай қыркүйекте аяқтаймыз деп отыр. Ал 2017 жылы басталған «Оңтүстік айналма жолы» жобасына жеті жарым миллиард теңге қарастырылған.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Даутов

 

Сондай-ақ...