Шымкенттегі шағын ауданға газ берілді

Шымкенттегі Достық шағын ауданы көгілдір отынмен қамтылды.

Екі жарым мыңнан астам отбасы қоныстанған аймақ халқы бұған дейін арнамызға газ мәселесін көтеріп, шағымын жеткізген. Жаңадан бой көтерген жеке үйлер сұйық отынды көп күтті. 15 мыңнан астам тұрғыны бар Достық шағын ауданына газ жүйесін тарту үшін ел қазынасынан 1 миллиард теңгеге жуық қаржы қаралды. Құрылыс жұмыстары өткен жылы толық аяқталғанымен жаңа автоматтандырылған газ тарату станциясының іске қосылмауы қолбайлау болған еді. Енді дербес шоттарын әзірлеп, техникалық шарт жасасқан тұрғындар кезең-кезеңімен газ жүйесіне қосылып жатыр. Мамандардың сөзінше, алдағы қыркүйек айында электр желісіне қосу жұмыстары да толық аяқталмақ.   

Тұрғынай Османова, қала тұрғыны:

- Газ жоқ кезде отын алдық, көмір алдық. Көмір болмай үйіміз бірде жылып, бірде суып, қиыншылық болды ғой. Қазір жақсы болды бір темпте істеп тұр. Балдарға да, өзімізге де жақсы болып қалды.

Рахымберді Мүлкеманов, Қаратау ауданының әкімі:

- Бүгінгі таңда енді алдын ала түсіндірілген жұмыстардың нәтижесінде жүз шақты үйлердің құжаттары дайындалып, қосылып жатыр. Одан бөлек биыл қаламыздағы Азат мөлтек ауданы екі-үш күнде қосылып қалуы керек. Одан кейін Тассай бөлімшесі.