Кенияда үй құлап, үш адам қаза тапты

Кенияда үй құлап, үш адам қаза тапты

Кения астанасы Найробиде 4 қабатты үй құлады. Әзірге 3 адамның мүрдесі табылды.

Тағы бір тұрғын ауыр халде ауруханада жатыр. Билік опат болғандар қатары бұдан да көп болуы мүмкін дейді. Өйткені қирандылар әлі толық аршылып біткен жоқ. Іздеу-құтқару ісі жалғасуда. Операцияға "Қызыл крест" халықаралық ұйымының мамандары да қосылды. Көп қабатты үй адамдардың тура көз алдында опырылып түскен.

Елижа Мулинге, куәгер:

- Бұл үй өте сапасыз салынған. Оны осы ғимарат салынып жатқан кезде құрылыс компаниясының иесіне сан рет ескерткенбіз. Ақыры біреудің бас пайдасы үшін адамдар құрбан болды. Қанша кісінің көз жұмғаны әлі белгісіз.

Елизабет Кириго, куәгер:

- Қатты дауысты естіп, далаға атып шықтық. Үйдің құлаған сәтін көрдік. Адамдар жиналып, ауыр жарақат алған бір әйелге көмектесіп жатыр екен. Айнала көмек сұраған айқайға толып кетті.