Волонтерлерге мемлекеттік деңгейде құрмет көрсетіледі

Волонтерлерге мемлекеттік деңгейде құрмет көрсетіледі. Заңға осындай өзгеріс енгізілді. Бұдан былай еріктілер еңбегі жұмысқа орналасу кезінде де ескеріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Игі іспен айналысуды таңдаған ұйымдарға жеңілдетілген шартпен мемлекеттік мүлік беру жайы қарастырылады. «Волонтерлік қызмет, қайырымдылық және үкіметтік емес ұйымдардың мәселелері туралы» заңға енгізілген өзгерістердің бір парасымен Мәжіліс депутаты Вера Ким таныстырды.

Вера Ким, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ұсынылған заңнамалық түзетулер қайырымдылық және волонтерлік іс-шараларды дамытуды көздейді. Сол арқылы азаматтық қоғамды да ілгерілетеміз. «Волонтерлік қызмет», «қайырымдылық іс-шараларға қатысушы еріктілер», «волонтерлік қызмет саласындағы уәкілетті орган» секілді түсініктер нақтыланды. Азаматтардың волонтерлік және қайырымдылық шараларға көбірек қатысуын ынталандыру бағытында жұмыстар жүрізіледі.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері жөніндегі комитет төрағасы Мадияр Қожахмет тағы бір жағымды жаңалықты жеткізді. Енді, кәмелетке толмағандардың еріктілер қатарында болуы ескеріледі. Балалар денсаулығына қатер төндірмейтін ерікті қызмет түрлері заң аясында нақтыланады.

Мадияр Қожахмет, ҚР АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы:

- Қайырымдылық ұйымдарына мемлекеттік меншік объектілерін жеңілдікпен беру, мемлекеттік деңгейде қайырымдылық жасаушыларды оларға құрмет атақтары арқылы көтермелеу жасау. Заңда белгіленген бірқатар шалалар қайырымдылық көмектің ашықтығын арттыруға бағытталған. Заңда қайырымдылық жөніндегі уәкілетті орган бекітілген. Бұл ақпарат және қоғамдық даму минитсрлігі болып бекітілді.

Үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру жүйесі қайта қаралды. Сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды анықтайтын стратегиялық әріптестік түсінігі енгізілді. Жаңа тетік халықаралық тәжірибе негізінде Ұлыбритания және Еуропалық одақ елдерінің үкіметтік емес ұйымдарымен байланыс құруды көздейді.

Мадияр Қожахмет, ҚР АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы:

- Стратегиялық әріптестікті ұзақмерзімді негізде министрлік деңгейінде ғана іске асырылады. Стратегиялық серіктестіктердің мемлекеттік органдар конкурсы арқылы анықтайтын болады және әр бағыт бойынша бір ҮЕҰ анықталады. Мемлекет пен азаматық сектор өзара іс-қимыл жүйесін жетілдіруге ықпал ететін заң деп ойлаймыз.

Көшеде науқастың суретін пайдаланып, емге қаржы жинайтын еріктілер көбейді. Олардың шын-өтірігін ажырату қажет. Алаяқтар кезігіп, жинаған қаражат өзге мақсатқа жұмсалып жатқан да жайттар бар. Бұндай іс енді қатаң бақыланады. Көмекке мұқтаж жан мен волонтер арасында келісімшарт орнату міндетті болады.

Авторы: Рухани Асқар