Түркістан облысында егін орағы аяқталуға жақын

Егін басында тіршілік қайнап жатыр. Астықты оруға он шақты  техника мен жиырмаға жуық адам жұмылдырылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жандос Жұмабек, тілші:

- Біз қазір «Шынтас ата» шаруа қожалығының егістік алқасындамыз. Мұнда 350 гектарға бидай, 80 гектарға арпа дақылы егілген. Биыл ерте көктемде жауын-шашын көп болғандықтан астық бітік шыққан. Қазір диқан бидайдың әр гектарына 25 центнерден өнім алып жатыр.

Пісіп тұрған егінді жауын-шашынға қалдырмай,  жинап алу керек. Бұл біріншіден - жер емген шаруаның ала жаздайғы еңбегінің өтеуі болса, екіншіден – ел наннан тарықпайды.

Сапарбай Сатыбалдиев, шаруашылық жетекшісі:

- Жақсы, шаруалардың жылы болды ғой биыл. Ойдағыдай болып жатыр егісіміз. Қазіргі таңда егін 90 пайыз орылды, енді 10 пайыздай қалды. Үкіметтік беріп жатқан субсидиясын, жанар-жағармайын алып жатырмыз. Тыңайтқыш беріп жатыр. Өнім жаман емес биыл.

Қазығұрт – Түркістан облысындағы астықты аудан саналады. Биыл 90 мың гектардан астам жерге егіс егілген. Оның 43 мың гектарына бидай, 6 мың гектарына арпа себілген. Егіннің 85-90 пайызы қамбаға құйылды. Түсімі де молайған. Орташа есеппен әр гектардан 22,4 центнерден өнім алып жатыр.  Мамандар оны диқандардың егістікті әртараптандырып, жаңа технологияларды қолдануымен байланыстырады.

Марат Жолдасов, Қазығұрт аудандық Ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Тікелей егу дән сепкішін Бразилиядан алып келіп, сол шаруалардың арасында кең тарап жатыр. Ол дегеніміз биылғы орып алған алқапты айдамай, сол егістіктің үстіне арнайы селкімен еге салу. Ол әрі жанар-жағармайды үнемдейді. Бірақ өнімділігі өте жоғары. Биыл аудан бойынша осылай тікелей егу технологиясын қолданып отырған 4 мың гектардан асты.

Түркістан облысында биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 850 мың гектарға егілді. Егіс көлемі өткен жылғыдан 14,4 мың гектарға ұлғайды. Өнімнің орташа түсімі гектарына 19 центнерге жетті. Жалпы биыл өңір шаруалары 1 трлн теңгенің өнімін өндірмек ниетте. Астық оруға қолда бар 759 дана комбайн тартылған. Мемлекет көктемгі дала және күзгі жиын-терім жұмыстарына 96 мың тонна жанар-жағар май бөліпті. Ал 522 түрлі минералды тыңайтқыш құнының 50 пайызын субсидиялауға бюджеттен 6 млрд теңге қаралған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов