Алматылық қария сексенге келсе де саксофонын тастамаған

Алматының арбаты өнерпаздардың үлкен сахнасына айналды. Көшеде өнер көрсететіндердің арасында музыкалық білімі бары да, жоғы да кездеседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Ұдайы халық алдында болу – біздің талантымызды шыңдай түседі», дейді солардың бірі, сексеннің сеңгіріне жақындап қалған Аманкелді Қашкеев. Қала тұрғындары мен қала қонақтарының көңілін көтеріп, оған қоса азын-аулақ табыс тауып жүр. Алматының арбатында өнер көрсетіп жүргендердің ең үлкені – Амангелді Қашкеев. Биыл 79-ға келген. Десе де, ол кісі жасым келді деп, үйде қарап отырғысы жоқ. Бес жылдан бері тұрақты түрде осында келіп өнер көрсетіп тұрады. Музыкалық білімі бар. Учелищенің үрмелі аспаптар класын тәмамдаған. Өмір бойы осы өнер саласында еңбек еткен. Жас кезінен бері саксофонын қолынан түсірген емес.

Аманкелді Қашкеев, Талғар қаласының тұрғыны:

– Өнерді көрсеткім келеді. Табыс болса, кедергі емес. Маған елмен сөйлесіп, араласып отырған жақсы. Елдерге өнерімді көрсетіп, біреулер арқамнан қағып қояды. Содан кейін мен де сау болып қалам. Қалдаяқовтің әндерін сұрайды. «Ана туралы жыр» бәрін попури қылып орындап берем.

Аманкелді қарияның өзі Талғар қаласында тұрады. Балалары, немерелері бар. «Бірақ бір уақыт саксофонымды ойнап, өнер көрсетпесем, ауруым көбейе бастайды. Бас кезінде арбатта өнер көрсету ыңғайсыз сияқты болып көрінген. Кейіннен бойым үйреніп кетті. Сүйікті ісімнен қуат аламын», – дейді. Қазір тіпті тұрақты тыңдармандары бар.

Қазір Аманкелді Қашкеевтің репертуарында мыңға тарта музыкалық композиция бар. Көбіне ретро әндерді орындайды. Қарияның айтуынша, арбаттағы көше өнерпаздарын жағдайы төмен деп қабылдау қате пікір. Оларға ең бірінші тыңдаушыларының қошеметі керек. Одан кейін өнерін паш ету маңызды. Жастар болса, осы жерде көрермен алдына шығып үйренеді. Өнерін шыңдайды. Ең бастысы халықтың қошеметінен шабыт алады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев