476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Абай ауылына жаңа емхана керек – Алматы

  • 165
  • UPD: 14:09, 12.08.2022

Алматының іргесіндегі Абай ауылына 20 минутта жетесіз. Қаламен арақашықтығы 12-13 шақырым. Алайда ауылдағы тозығы жеткен әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым айдаладағы, адам аяғы жетпейтін елді мекенді еске салады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атап айтқанда, мектеп пен медициналық амбулатория әбден ескірген. 13 мыңға жуық адам тұратын ауылдың ішінде автобус қатынамайды, – дейді тұрғындар. Абай ауылындағы Ғабдуллин атындағы аралас мектеп 1966 жылы салынған. 56 жылдық тарихы бар білім ордасының бүгінде іргесі сөгіліп, қабырғасы жарылып, ағаш еденінің тозығы жеткен.

Оқушының отыратын орындығы мен үстелін көрсеңіз көз ұялады. Көптен бері күрделі жөндеу көрмеген мектепте балалардың алаңсыз білім алуына жағдай жасалмаған. Мектептің дәретханасы сыртта орналасқан. Ата-аналардың талап етуімен жасалған іштегі дәретхана тек төменгі сыныптың оқушыларына арналған.

Мадина Қосаева, Абай ауылының тұрғыны:

– Мектепке күрделі жөндеу жұмыстары қажет. Ішіне кірсеңіз, сүреңсіз көріністен көңіліңіз құлазиды. Мұндай жерде балалар қалай оқиды? Жергілікті әкімдікке хат жазамыз десек, мектеп директоры рұқсат етпейді.

13 мыңдай тұрғыны бар Абай ауылындағы медициналық амбулаторияның да жағдайы мәз емес. Бір қабатты ескі үйде орналасқан амбулаторияға келген науқастар сыймайды. Көпшілігі аудан орталығы Қаскелең қаласына баруға мәжбүр.

Мадина Қосаева, Абай ауылының тұрғыны:

– Дәрігерлер ауыл тұрғындарын сарай сияқты үйде қабылдайды. Қаланың іргесінде орналасқан ауылда мұндай емхана бар дегенге ешкім сенбейтін шығар. Бірақ бұл шынында солай. Ауылда ұсақ мәселелер жетерлік. Бірақ бізге мектеп пен емхананы жөндеп берсе екен.

Альмира Халикова, Абай ауылының тұрғыны:

Ауылдағы екі орталық көшеден басқа жолдар жасалмаған. Жарық мүлде жоқ.Тек мектептің маңайына ғана жарық шамдары қойылған. 

Райымбек ауылдық округі әкімінің айтуынша, мектепке күрделі жөндеу жүргізу үшін құны 1 миллиард 385 миллион теңге болатын жоба жасалып жатыр. Жобада ғимаратты сейсмикалық күшейту қарастырылған. Сондай-ақ, білім нысанының қасбеті өзгертіліп, аумағы абаттандырылады. Ал жаңа дәрігерлік амбулатория үшін жер телімін іздестіріп жатқан көрінеді.

Елжан Түленбаев, Қарасай ауданы, Райымбек ауылдық округінің әкімі:

– Абай ауылының дәрігерлік амбулаториясының құрылысына 2016 жылы округ әкімінің шешімімен Абай – Алатау көшесі мекенжайы бойынша көлемі 30 га жер телімі бөлініп, құжаттары әзірленген. Алайда дәрігерлік амбулаторияның техникалық сипаттамасына байланысты 80 га ұлғайту қажеттілігіне байланысты жер телімі қарастырылуда.

Абайлықтарды алаңдатып отырған тағы бір жағдай – ауыл арасына автобус жүрмейді. Қалада оқитын студенттер мен жұмыс істейтін азаматтар аялдамаға дейін 30-40 минут жаяу жүріп келеді. Ал жол белгілері өшіп кеткен көшелерде жүргізушілер жылдамдықты асыра айдайтындықтан, жолдан өту қауіпті.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы