Павлодар облысында жылу орталығы сатылмайды

Павлодар облысында жылу орталығы сатылмайды

Екібастұз қаласындағы жылу тарату компаниясы жергілікті әкімдікке станцияның мүлкін коммуналдық иелікке алуды ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, жылу орталығы қарызға белшеден батқан. Ал инженерлік желілер әбден тозған. Соңғы үш жыл ішінде компанияның шығыны 3,7 млрд теңгеге жуықтапты. Жылу энергиясының тарифтері станцияның шығындарын толық өтеуге қауқарсыз. Сондықтан жергілікті биліктің көмегіне жүгінуді жөн санаған. Бұл мәселеге қатысты Павлодар облысының әкімдігі ресми мәлімет таратты. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта нысанды иелікке алу туралы нақты ақпарат жоқ. Бүгінгі таңда Екібастұз жылу станциясындағы төрт қазандықты күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Шаһарды жылумен қамтитын кәсіпорынды сату-сатпау жағы әлі белгісіз. Сонымен қатар, техникалық аудит жүргізілмейді. Әзірге бұдан өзге ақпарат жоқ. Арна тілшілері мәселені назарда ұстайды.