СҚО-да енді «Еңбек» бағдарламасы бойынша үй салынбайды

Себебі биыл бұл мақсатқа бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Енді оңтүстік өңірлерден көшіп келетін отбасыларға тек үй жалдауға қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұмыспен қамту мен көші-қон мәселелері еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың қатысуымен өткен жиналыста талқыланды. Соңғы бес жылда Солтүстік Қазақстан облысына 11 мыңнан аса адам көшіп келген. Оларға мемлекет тарапынан жаңа баспана, көтерме ақы мен кәсіп ашуға қайтарымсыз гранттар берілді.

Ринат Елжасов, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

– Биыл біздің облысқа көшіп келген адамдарға үй жалдап тұруға субсидия беріледі. Қаржылай қолдау бір-ақ жылға қарастырылған немесе көтерме ақыны түгел алып, екінші нарықтан баспана алуға болады.