Ақтауда авиациялық қауіпсіздік мәселелері талқыланды

Ақтауда авиациялық қауіпсіздік мәселелері талқыланды

Алдағы 3 жылда Қазақстанда азаматтық әуе флоты 51 жаңа ұшақпен толығады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның 14-і жыл соңына дейін сатып алынады. Қазір елімізде 912 әуе кемесі бар. Олардың 75-і коммерциялық тұрақты жолаушылар тасымалына тартылған. Ақтауда халықаралық сарапшылар бас қосып, авиациялық қауіпсіздік сұрақтарын жан-жақты талқыға салды. Екі күнге созылған іс-шараға Грузия, Әзірбайжан, Қырғызстан мен Тәжікстанның азаматтық авиация әкімшіліктерінің өкілдері қатысты. Күн тәртібінде әуежайлар мен ұшақтардың қауіпсіздігі аэронавигациялық құралдарды қорғау және жетілдіруге қатысты мәселелер қозғалды. Тараптар осы тұрғыдан ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уағдаласты.

Айта кетсек, пандемиядан кейін Қазақстанда жолаушылар ағынының едәуір ұлғайғаны байқалады. Мәселен, биылғы 6 айда 4,6 млн жолаушы ұшаққа отырған. Жыл аяқталғанша бұл көрсеткіш 10 млн-ға жетеді деген болжам бар.

Дархан Қатышев, «Қазақстан авиация әкімшілігі» АҚ авиациялық қауіпсіздік департаментінің директоры:

– Біз Орталық Азия және Кавказ елдері аумағында үйлестіру тобын құрғымыз келеді. Бұл, өз кезегінде тараптарға қажетті ақпаратпен бөлісуді жеделдетіп, азаматтық авиацияның қауіпсіздік деңгейін көтеруге тікелей ықпал етеді. Сондай-ақ кәсіби білікті мамандарды даярлап, оларды қайта оқытуға жол ашады деп ойлаймыз.

Айта кетейік, Ақтау халықаралық әуежайы – тораптық әуежай. Яғни жолаушылар ағыны бойынша Нұр-Сұлтан, Алматыдан кейін 3-орында тұр.