COVID-19 ішек пен қан тамырларын зақымдайды

Коронавирустың жаңа штамдары көп жағдайда өкпені емес, қан тамырлары мен ішекті зақымдайды екен. Қазақстандық дәрігерлер осылай дейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ковид-19 бұрын тыныс алу жүйесін бұзса, енді лоқсу, бас пен іш ауруларын тудырып жатыр. Дегенмен, қазір науқастардың ем-домы жеңіл өтуде. Пандемия басында жұқпалы ауру 5 пен 12 жас аралығындағы балаларға қауіпті деп келдік. Бұл жолғы вирус штамы жас талғамайды, дейді мамандар. Қуантарлығы инкубациялық кезең бұрынғыдай 10 күн емес, небәрі 2-4 күн аралығында өтеді.

Динагүл Баешева, ҚР ДСМ штаттан тыс бас инфекционисі:

– Ең алғашқыда көбіне 5-тен асқан балалар түсетін. Ал қазіргі күнде жаңа туғаннан бастап 18-ге дейін. Бірақ біз бәрін стационарға жатқыза бермейміз. 90 проценті поликлиникада қаралады. Өйткені негізі жеңіл түрде өтетін ауру. Бірақ жаңағы балалардың ішінде қосалқы аурулары болса, біз оларды стационарға жатқызамыз. Неге десеңіз қосалқы ауруы өршіп кетуі мүмкін.