Елорда Венецияға айналмауы үшін кәріз жүйесі қалыпты жұмыс істейтін уақыт аталды

Елордадағы нөсерге арналған кәріз жүйелері тек 2030 жылы ғана қалпына келтіріледі. Қала әкімдігі өкілдерінің хабарлауынша, қазір 7 учаскеде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ сала мамандары оған кіріспес бұрын ең алдымен жердің астындағы судың көлемі мен ағатын бағыттарын анықтап алу керек. Әйтпесе мұндай құрылыстан еш пайда болмайды.

- О ливневках. Момышұлы,Ташенова, Иманова, Бараева всегда оставались под водой. Но мы поставили насосы. Сейчас вопрос не стоит на повестке.

Осыдан бір ай бұрын елорда әкімі есеп бергенде жұртқа осылай деп уәде еткен. Айтылған сөздің шындыққа жанаспайтынын қала тұрғындары аптаның басында өз көзімен көрді. Жауатын жаңбыр көлемі нормадан сәл асқанда шаһардың тең жартысын су басты. Жұмысшылар қала көшелерінен 1 мың текше метр су сорып алды. Гидрогеология саласы мамандарының пікірінше, бұл мәселені шешу оңайға соқпайды.

Вячеслав Петухов, гидрогеолог:

- Біз қаланың асты суға толы екенін білеміз. Бірақ жерасты суларының көлемі белгісіз. Сондықтан алдымен ұңғыма қазып, ішіне суды қабылдайтын құдық салған жөн. Жаңбыр жауғанда бүкіл су соған жиналады. Кейін ол жердің астымен Талдыкөл өзеніне ағып кетеді. Яғни біз осындай тәсілмен 3-4 миллион текше метр судан құтыламыз.

Жақын арада қаланың 7 учаскесінде нөсерге арналған кәріздер жөндеуден өткізіледі. Әр жобаның мердігері белгіленді. Алайда бұл бастама мәселені шеше аларына кім кепіл?

Асқар Мүсілов, қала әкімдігінің нөсер, кәріз және сумен қамту бөлімінің бас маманы:

- Жастар шағын ауданында тазарту құрылыстары салынуда. Триатлон паркінің ішінде тазарту құрылыстары, реконструкция бар. Нұрлы жол вокзалының маңында А-86 және Б-12 көшелері бойынша бізде нөсер кәріздері салынып жатыр.

Мамандардың пікірінше, мұндай жұмыстарды бастамас бұрын жер астында қандай құбылыстар болып жатқанын анықтап алу қажет. Онсыз су басу қаупінен құтыла алмайтынымыз анық.

Вячеслав Петухов, гидрогеолог:

- Ең алдымен, шаһардағы судың деңгейін бақылап отыратын мониторинг жүйесін әзірлеу керек. Сол арқылы жерасты сулары қайда жылжып жатқанын көріп отырамыз. Есіл өзеніне қанша текше метрі жететінін анықтау қажет. Кей жерлерде Есілдің деңгейі жерасты суларынан жоғары орналасады. Сол себепті қаланы жиі су басады. Оған жол бермеу үшін 30 шақырымдық канал салған жөн. Біз бұл ұсыныстарды геологиялық комитеттің отырысында айтқанбыз. Бірақ әзірге мұндай жоспарды орындауға қаражат жоқ.

Қаланы салуға атсалысқан инженер мамандар да пікірімен бөлісті. Олардың айтуынша, кәріз жүйесін бұлайша қалдыруға болмайды. Яғни оны әрі қарай кеңейтіп, жер астындағы суды тартудың инновациялық тәсілдерін қолдану қажет болып тұр. Сондай-ақ қолданыстағы кәріз жүйесін уақытылы тазартуды ұмыптаған абзал дейді. 

Дариға Ташенова, Диас Қобыланбаев, Мұрат Әріпханов