476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Ақтауда «Мерейлі отбасы - 2022» ұлттық байқауының кезеңі қорытындыланды

  • 200
  • UPD: 00:30, 13.08.2022

Ақтауда «Мерейлі отбасы - 2022» ұлттық байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды. Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, жеңімпаздарды марапаттады. Республикалық кезеңге жолдама алған Бейнеулік Себепбаевтар әулетін өңір жұртшылығы атынан жеңісімен құттықтап, алдағы сайыста сәттілік тіледі.

Ұлттық байқаудың облыстық кезеңіне биыл 60-қа жуық отбасы қатысты. Басым көпшілігі ата кәсіпті жалғаған жанұялар. Мұнайшы, педагог және дәрігер династиялары да бар. Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев көпбалалы және жас отбасылардың белсенді атсалысқанына рақметін айтты.

Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі:

- 59 отбасы қатысқан екен. Соның 14-і қалалық, аудандық жарыстарда жеңімпаз атанып, міне қазір ортамызда отыр. Біз үлкен ризашылығымызды айтамыз. Бұл да үлкен іс. Халықтық іс. Ардақты, ақ жаулықты аналар сіздер үйде отырғанмен мемлекеттік істі жасап отырсыздар. Қоғамның бекем болуына, елдегі саяси тұрақтылыққа қосқан үлестеріңіз бұл.

Өңірлік комиссияның шешімімен Бейнеу ауданы Сыңғырлау ауылында тұратын Себепбаевтар жанұясы жеңімпаз деп танылды. Маңғыстау ауданынан келген Тұңғатаровтар 2-ші орынды иеленсе, Түпқараған ауданының тумасы Жауыновтар әулеті 3-ші орын алды. Қалған 11 отбасы лауреат атанды. 

Бибігүл Себепбаева, қала тұрғыны:

- Отанымыз әрбір отбасыдан басталады. Сондықтан да, біздің отбасымыз жақсы болса, Отанымыздың жақсы болғаны. Біздің жанұяның балалары жан-жаққа таралып кеткен. Бізге тосын сый болды, осындай жеңімпаз болып жатсыздар дегені. Өте әсерлі жағдайда болдық.

Әулеттің үлкені Лесбай Себепбаев өмірден озған. Жұбайы Күләш Түйешиева қолөнер шебері. 11 бала өсіріп, олардан 41 немере мен 46 шөбере көрген батыр ана. Бір қуантарлығы, соңғы жылдары Маңғыстауда бала туу көрсеткіші 31%-ға өсіп, республикада 2-орынға шықты. Қазір аймақта 34 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» таққан аналар саны 13 мыңға жуық.  

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы