Атырауда энергетика министрі халыққа есеп берді

Атырауда өткен 7 айда 28 млн тоннаға жуық мұнай өндірілді. Бүгін энергетика министрі Болат Ақшолақов мұнайлы өңір тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді.

Жиынға қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, сондай-ақ тұрғындар қатысты. Қазір өңірде мұнай-газ саласы бойынша 95 мың адам жұмыс істейді. Энергетика министрінің айтуынша, облыста мұнай саласындағы ірі жобаларды іске асыру арқылы қара алтын өндіру көлемін 20 млн тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Бір тәуірі, өңірде 660 мың тұрғын табиғи газбен қамтылған. Жиынға қатысқан қоғам белсенділері мен тұрғындар министрге өз сауалдары мен ұсыныстарын жеткізді. Олардың көбі облыстағы «Атырау-Жарық» мекемесінің жұмысына көңілдері толмайды. Трансформаторлардың ескіруі, жарықтың жиі өшуі тұрғындарды әбден әбігерге салған. Кездесуде экология мәселесі сөз болып, қала іргесіндегі Атырау мұнай өңдеу зауытының зияны туралы айтылды.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:

- Жиынға қатысқан белсенділер Атырау мұнай өңдеу зауытының табиғатқа келтіретін зиянын тексеру мақсатында олардың ашықтығын сұрап отыр. Бірақ ол стратегиялық нысан болғаннан кейін кез келген адам кіре алмайды. Сол себепті өңірдегі түйткілді мәселелерді шешу үшін үйлестіру кеңесін құру ұсынылды. Оның құрамында қоғам белсенділері, министрлік пен әкімдіктің өкілдері болады.